Ералы Тоғжанов: Карантин режимін бұзғандарды қоғам өзі айыптауы керек

Денсаулық сақтау министрлігі жедел шараларды қабылдаған 2 аптада бірқатар оң нәтиже байқалғанын айтты.

  • COVID-19 жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-тен 2,3%-ке дейін төмендеді;
  • жазылғандар саны 60%-ке жетті;
  • жедел жәрдем шақырушылар саны 31%, оның ішінде COVID бойынша шақыру 19% қысқарды;
  • реанимациядағы төсек-орын саны 12%, стационарлардағы төсек-орын 81%-тен 56%-ке дейін төмендеді.

Жедел штаб Батыс Қазақстан және Қызылорда облысы әкімдіктерінің жұмысын сынады. Денсаулық сақтау министрлігінің COVID-19 инфекциясымен күрес бойынша  өңірлер рейтингісінде осы облыстарда ең төмен көрсеткіштер тіркелген.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдың 5 шілдесінен бастап 4 300 карантин талаптарын бұзу дерегі анықталды. Павлодар, Қызылорда, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында оларды анықтау бойынша жұмыстың жеткіліксіздігі атап өтілді.

Жедел штаб азаматтардың санитария және бетперде режимін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Біз өмірдің әр адам үшін қымбат екеніне және қайталанбайтынына баса назар аудара отырып, қоғамның сана-сезімі мен мінез-құлқын түбегейлі өзгертуіміз керек. Бізде әлі күнге дейін «маска көмектеспейді, кимесе де болады, пайдасы жоқ» деп ойлайтындар бар. Адамдар әлі күнге дейін фактілерді емес, өздерінің жаңсақ пікірлерін ғана басшылыққа алады. Вируспен күрес барлық қазақстандықты «ортақ мақсат сезімімен» біріктіруге тиіс, ал карантин режимін бұзғандарды қоғам өзі айыптауы керек. Осы жұмысты ұйымдастыру мемлекеттік органдардың міндеттерінің бірі, — деді Ералы Тоғжанов.