— Әкім, қазір дәрігерлер жағдайдың қандай екенін, ненің дұрыс істелмей жатқанын айтайын десе, сұхбат беруге рұқсат жоқ. Өзіңіздің және әріптестеріңіздің атынан не айтасыз?

— Дәрігерлер қазір емханада, ауруханада не болып жатқанын айта алмайды. Еңбек келісімшарты бойынша онда болып жатқан жағдай құпия болып есептеледі. Бірақ әріптестеріммен хабарласып, жағдайды біліп отырмын. Төтенше жағдай жарияланғанда Президент үш санат бойынша дәрігерлерге үстемақы төлеуге уәде берді. Оны 3 ай, тіпті тамызда да төлейміз деген еді. Мен білетін дәрігерлер 2 ай үстемақы алған, үшінші ай — мамырда алмаған. Егер дәрігер жұмыста жүріп, коронавирус жұқтырса, оған 2 миллион, қайтыс болса, отбасына 10 миллион төленеді деп айтқан еді. Қанша дәрігер қызметте жүріп, қайтыс болды. Ауру жұқтырғандар бар. Ешқайсына сақтандыру төлемі берілген жоқ. Ең құрығанда «қаражат жоқ, бере алмаймыз» деп те айтпайды.

Осы мәселе Президент әкімшілігіне дейін жеткенін қалаймын. Өйткені Денсаулық сақтау министрі сауалымызға жауап бермей отыр. Бәрінен де қынжылтатыны — осы. Өзім үстемақы алатын санатқа кірмеймін, бірақ қанша әріптесім ауырып жатыр, қайтыс болғаны да бар. «Бермейміз» деп бір ауыз айтса да, дәрігерлер түсінер еді. Кері байланыс болмай тұр. Тиісті органдар медицина саласын дұрыс жүйемен басқарып, бәрін орнымен істесе, қолдауға дайынбыз. Біз Денсаулық сақтау министрлігін тек сынап жүрген жоқпыз, жақсы тұсын да айтып жүрміз. Министрлік айтатын нәрсенің бәрін орындайтын — дәрігерлер. Сондықтан оларға жақсы жағдай жасалғанын қалаймыз.

— 13 шілде — Жалпыұлттық аза тұту күнінде дәрігерлердің жол бойына шығып, әріптестерін бір минут еске алғаны халықтың наразылығын тудырды. Бұл коронавируспен күрес кезінде қайтыс болған дәрігерлерге құрмет ретінде ұйымдастырылса да, медицина қызметкерлерін далада, күннің астына жинап қою әбестік емес пе?

— Президент аппаратының бұйрығына қарасақ, ғимарат алдына 10-нан көп адам шықпау керек екені айтылған. Жалпыұлттық аза тұту күніндегі олардың бұл ісі сол бұйрығын бұзып отыр. Негізі дәрігерлерді еске алу деген жақсы ниетпен қолға алынғанын біліп тұрмыз. Сонда да бүкіл дәрігерді өз еркінен тыс сыртқа шығарып, сапқа тұрғызып қоюы артық болды.

— Сіздің ойыңызша, Қазақстан медицинасына қандай өзгеріс керек?

— Біздегі медицина саласына өзгеріс енгізу керек екенін талай айтып жүрміз. Кейінгі уақытта біраз адам қайтыс болып жатқан соң аздап көңіл бөле бастады. Төтенше жағдайдың басында жеке емханаларды да пайдалану көзделген еді. Егер жеке емханаларға қаржысын төлесе, бір Алматыдан 2-3 мыңға жуық орын дайындауға болады. Осы мәселені біраз адам көтерген соң «қолға аламыз» деп жауап берді. Бірақ біздегі бюрократия  кез келген істі жылдам жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Уақыт, коронавирус бізді күтіп тұрмайды, дәл қазір шешім қабылдау керек. Қоғамда айтылып жүрген біраз мәселені қолға алды, енді соны тезірек жүзеге асыру қажет. Бетін аулақ қылсын, бірақ бәрібір екінші толқынға барынша дайын болуымыз керек.

— Қазір адамдар иммунитетін көтеру үшін жаппай дәрі-дәрмек сатып алып жатыр. Дәріні сатып аларда, қолданарда нені ескеру керек?

— Көбі дәріні «керек болып қалады» деген оймен сатып алып жатыр, соның кесірінен ел ішінде дүрлігу басталды. Дәріні көп адам маманның тағайындауынсыз алып жатыр. Негізі адам дәріханаға дәрігер «осы дәрілерді алыңыз, ішіңіз» дегенде ғана баруы керек. Антибиотик пен вирусқа қарсы дәрінің ешқайсы коронавирустан емдемейді. Олар тек коронавирус симптомдарымен күресуге көмектеседі. Халық ең бастысы осы жағын ескеруі қажет. Адам пневмония болып ауырғанда онда бактерия бар-жоғын анықтап барып, шара қолдануы керек.

Дәрі-дәрмек
Иллюстрация: Dribbble.com/©Eric Nyffeler

— Дене қызуы, иіс сезбеу, дәм сезбеу, жөтел, демігу және тағы басқа белгілердің қайсы коронавирустың симптомдары емес? Адамның іші өтіп, дене қызуы басқа нәрседен көтерілуі мүмкін бе?

— Дәм мен иіс сезбеу қарапайым тұмау кезінде де болады, бірақ бір аптадан ары созылмайды. Коронавирустың кезінде мұндай белгілер 10-14 күнге дейін кетпей жатыр. Адамның дене қызуы көтеріліп, жөтелмесе де, иіс дәм сезбей біраз жүрсе, оны коронавирустың жеңіл түрімен ауырды деп айтуға болады. Бәрі бірдей пневмонияға шалдығып, дене қызуы көтеріле бермейді, кейбірінде ештеңе байқалмайды. Оларда коронавирустың белгісі болмаса да, ағзаға вирус түсті дейміз. Температура көтерілгенде де 38-ге дейін ағза өзі күреседі, мұндайда ештеңе қолданудың қажеті жоқ. Бірақ бір температура адамның жағдайын анықтамайды. Жасы үлкен, созылмалы аурулары бар адамдардың дене қызуы көтерілмесе де, жөтеліп, демігуі мүмкін. Мұндай кезде жедел жәрдем шақырып, қандағы оттегі деңгейін тексеру керек. Мұны кез келген жедел жәрдем көлігінде анықтауға болады.

Асептика пневмониясы болған кезде жөтел болмайды. Жөтел коронавирустың әсерінен өкпеге бактерия түскенде, қақырық жиналғанда болады. Сонымен бірге коронавирустан жазылғаннан кейін жөтел болуы мүмкін. Себебі іште қалған зиян заттар қақырық түрінде шығады. Ал демігу адамның өкпесі қаншалықты зақымданғанына байланысты болады. Өкпе 30%-ке дейін ғана зақымданса, коронавирус жұқтырған адамда демігу болмайды, тіпті симптомсыз өтеді. Өкпесі жартылай не одан көп зақымданғандар демігеді, ентігеді. Адам коронавирус жұқтырса, іші өтуі мүмкін.

— Қойдың майы, қымыз, хиджама, тағы басқа халық емі коронавирустан емделу кезінде қаншалықты көмектеседі?

Хиджама жасамаған дұрыс, ол коронавирустан емдемейді. Қой шөптің жақсысын жегеннен оның етінде ақуыз тізбегі ұзын болады, еті баяу сіңеді. Қойдың немесе борсықтың майы өкпедегі сурфактанттың жақсы қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан қойдың етін, құйрық майын жеген дұрыс, тек оны жағу коронавирустан құтқармайды.

— Коронавирус жұқтырып, жазылған адам қай кезде қайта ауыруы мүмкін?

 — Әлемдік тәжірибеде адамның иммунитеті бейімделсе, бір жылға дейін коронавируспен қайта ауырмайды деп есептейді. Себебі бір жылдан кейін бұл вирустың штамы өзгеріп келуі ықтимал. Адам жылдың басында тұмаумен ауырса, белгілі бір уақыттан соң тағы ауыруы мүмкін. Бұл да тұмаудың өзгеріп келуі салдарынан, сол сияқты коронавирус та басқа штаммен келіп, адам қайта ауыруы мүмкін.

Маска, коронавирус
Иллюстрация: Dribbble.com/©Konstantin Mironov

— Маска вирустан қорғай ма?

— Маска вирустан қорғамайды. Респиратор маскалар қорғағанымен, хирургиялық үшқабатты маска көбіне вирустан құтқармайды. Масканы адам коронавирустың симптомсыз түрімен ауырып, оны басқаларға жұқтырмау мақсатында тағады. Адам сөйлегенде, түшкіргенде бөлінетін сілекейдің маскада қалып, басқаға жұқпауы үшін оны тағып жүру керек. Сондықтан сау адам да, науқас та маска тағып жүргені дұрыс. Ал дәрігерлер жұмыс кезінде респиратор маскасын шешпей жүруі қажет.

— Темекі тартып, алкоголь қолданатындарға вирус қаншалықты қауіпті?

— Коронавирус Қазақстанға енді келгенде «темекі вирустан қорғайды» деген ақпарат тараған. Бұл нәрсе ешқайда дәлелденбеді. Темекінің ағзаға зиян екенін бұрыннан айтып келеміз. Сондықтан оның коронавирус кезінде де пайдасы жоқ. Ал алкоголді көп ішпеген дұрыс, тек тамақтың алдында 50 грамм ішу тәбетті ашады, заталмасу қызметін жақсартады. Одан артық пайдалану ағзаға кері әсер етіп, содан иммунитет түсуі мүмкін.

— Иммунитетті қалай көтеруге болады?

— Иммунитетті жақсарту үшін дұрыс тамақтанып, күнде 8-10 мың қадам жасап, таза ауада жүру керек. Қазақстанның кей өңірінде белгілі бір микроэлементтер мен микроминералдар жоқ. Сондықтан кез келген адам күнде йод қабылдауы қажет. Күн сәулесінен D дәрумені 11.00-12.00 аралығы ерекше бөлінеді. Бірақ бұл кезде көбі офисте немесе үйде отырады. Сол себепті қосымша дәрумендер ішу керек. Дегенмен витаминдерді тек нормасымен және дәрігер кеңесімен ішуге болады. B дәрумені кей адамда кері реакция беруі мүмкін. Ал D дәруменінің ешқандай зияны жоқ. Бірақ профилактикадағы мөлшерден көп қолдануға болмайды. Аптасына кемінде бір-екі рет майлы балық жеу керек. Ол болмаса, омега-3 майы кездесетін тамақтарды тұтынған жөн.

* * *

Бұл мақала «Qolda» жедел көмек көрсету жобасының аясында «Шеврон» компаниясымен және Орталық Азияның Еуразия Қорымен серіктестікте жасалды. Мақала авторының көзқарасы «Шеврон» компаниясының және Орталық Азияның Еуразия Қорының көзқарасымен сәйкес болмауы мүмкін.