Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік комиссия эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің еңбекақысына ай сайынғы үстемеақы белгілеу туралы шешімді бекітті.

Төлем коронавирусты жұқтыру қаупі бар үш топ бойынша 3 ай ішінде төленеді:

Ауру жұқтыру қаупі аса жоғары топ — реанимация бөлімшелерін қоса алғанда, инфекция стационарлары дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы мөлшері — 20 еселенген ең төменгі жалақы, 850 мың теңге.

Ауру жұқтыру қаупі жоғары топ — провизор стационарлары мен жедел жәрдем дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері. Үстемеақы мөлшері — 10 еселенген ең төменгі жалақы, 425 мың теңге.

Ауру жұқтыру қаупі орташа топ — карантин стационарларындағы дәрігерлер, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитар дәрігерлер (мемлекеттік қызметкерлер), жедел жәрдем жүргізушілері және басқалар. Үстемеақы мөлшері — 5 еселенген ең төменгі жалақы, 212,5 мың теңге.

Отырыста Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыруды тапсырды.

Медицина қызметкері коронавирус инфекциясымен ауырған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 миллион теңге, ал қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік төлем төленеді.

«Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінде болған онлайн брифингіде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавирус жұқтырғандарды емдеумен қанша медицина қызметкері айналысып жатқанын айтты.

Оның мәліметінше, ауру жұқтыру қаупі аса жоғары топқа 3 284 медицина қызметкері кіреді, олардың жалақысына 850 мың теңге үстемеақы қосылады.

Екінші топқа 11 951 медицина қызметкері кіреді, олардың жалақысы 425 мың теңгеге көбейеді.

Ауру жұқтыру қаупі орташа топқа кіретін 10 993 жұмысшы 212 500 теңге қосылған жалақы алады.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев санитария-эпидемиология саласындағы қиын кезеңде еңбек етіп жатқан дәрігерлерді қаржылай қолдау қажет екенін айтқан еді.