Құрамы бір препараттардың әсері де бірдей бола ма?

Біз хабарласқан дәріхана қызметкерлерінің айтуынша, кез келген дәріні дәл сондай белсенділігі бар басқа препаратпен алмастыруға болады. Бірақ бұл денсаулығыңызға зиян болуы мүмкін.

Мұндай дәрілерді дженериктер деп атайды. Дженерик — белгілі бір дәрінің көшірмесі, ол тура сондай белсенді заттардан тұрады. Арзан дәрінің жанама әсері көбірек. Олардың ағзаға нақты қалай әсер ететіні дәлелденбеген. Кез келген химиялық жолмен дайындалған препараттың кері ықпалы болуы мүмкін. Ал арзан дәрілерде бұл тіпті жиі кездеседі, — дейді мамандардың бірі.

Көбіне зейнеткерлерге тағайындалатын дәрі-дәрмек қымбат болады. Сол дәріні алуға зейнеткерлердің бәрінің бірдей мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан олар арзанын сұрайды екен.

Біз тұтынушыға арзан дәрінің жанама әсері көбірек болатынын айтып, түсіндіруге тырысамыз. Дәрі қымбат болса, сапалы деген сөз. Ол — арнайы зерттеу жүргізіп, тәжірибе жүзінде әсері дәлелденген дәрі. Сапалы дәрінің жанама әсері жеңілдетілген, яғни асқазаннан жұмсақ өтеді. Дәрі химиялық қоспадан тазартылған сайын оның бағасы қымбаттай түседі, — дейді дәріхана қызметкері.

Мысалы, «Аспирин» мен «Кардиомагнил» таблеткаларын алайық. Бұл екеуінің белсенділігі бірдей, екеуінде де ацетилсалицил қышқылы бар. Бірақ «Аспирин» 50 теңге, «Кардиомагнил» 600 теңге тұрады. Тұтынушы екеуінің белсенділігі бірдей болса, неге арзанын алып, қолдана бермеймін деп ойлауы мүмкін. Белсенділігі бірдей болғанымен бұл дәрілер екі жағдайға арналған. «Кардиомагнил» жүрек ауырған жағдайда қанды сұйылту мақсатында, ал «Аспирин» қабынуға қарсы пайдаланылады.

Қазақстанда сатылатын дәрі-дәрмек қаншалықты қауіпсіз?

Қазақстанға дәрі-дәрмек көбіне Еуропа елдерінен келеді. Атап айтсақ, Германия, Беларусь, Ресей елдерінен көп тасымалданады. Үндістаннан кейбір дәрілер, Қытайдан медициналық құрылғылар келеді. Сонымен қатар Шымкенттегі фармацевтика зауытынан шығатын өнімді де халық көп тұтынады. Дәрігерлер біледі, елімізде сатылатын дәрілердің сапасы төмен. Көбінің әсері нақты тәжірибе жүзінде дәлелденбеген, яғни олар — дженериктер. Себебі оригинал дәрі өте қымбат. Сондықтан бізге олардың көшірмесі келеді, — дейді дәріханашы.

Дәрігер тағайындамаған дәріні сатып алғанда нені ескеру керек?

Дәріхана қызметкері халықтың арзан дәріге құмартуы адамдардың медициналық сауатына да байланысты екенін айтты.

Дәріні тек маманның тағайындауымен сатып алу қажет. Кейбіреулер ауырып қалғанда бұрыннан білетін, үнемі тұтынатын дәрісін сұрайды. Ал ол препарат қолданыста жоқ болуы мүмкін. Мысалы, тұмауға қарсы қолданатын қарапайым ұнтақ дәрінің ауруға қарсы ешқандай күші жоқ. Олар — дәлелденген негізі жоқ дженериктер. Адам сол ұнтақ дәріні ішіп те, ішпей де үш күн ауырады. Бірақ халық ұнтақ дәріге үйреніп қалған, дереу соны сұрап келеді. Менің де оны сатпауға құқым жоқ, — дейді маман.

Маман сонымен бірге шөптен жасалған дәрілер химиялық жолмен синтезделген препараттан да зиян болуы мүмкін екенін айтты. Дәрілік өсімдік өз уақытында жиналуы керек. Егер шөп өз уақытында жиналмаса, ол адам ағзасына өте қауіпті. Сондықтан шөп дәріні маманның кеңесінсіз қолдануға болмайды.

Әр адам өз анатомиясының қалай жұмыс істейтінін білуі керек. Ауырған жағдайда дәрігер тағайындаған дәріні қанша қымбат тұрса да, арзан дәрімен алмастырмаңыз. Бірақ дәрі аурудан айықтырады деп те оны беталды қолдана бермеген дұрыс. Ол химиялық жолмен синтезделген бөгде зат болғандықтан, оның басқа әсері болуы мүмкін, — деп түйіндеді бізге ақпарат берген маман.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Thierry Fousse)