Индустриялық даму комитетіне жаңа төраға тағайындалды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен Марат Қарабаев Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Ол бұған дейін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту департаментінің директоры қызметін атқарды.

Марат Қарабаев 1987 жылы 4 шілдеде Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында туған. Ташкент автомобиль жолы институтын, Уорвик университетін (Ұлыбритания), М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 2011 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің Су шаруашылығы ғимараттарының желілерін пайдалану және дамыту басқармасының сарапшысы болып бастады.

2011 жылдан 2013 жыл аралығында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Жаңа технологиялар және энергия үнемдеу департаменті Сервистік индустрияны технологиялық дамыту басқармасының бас сарапшысы,

2014-15 жылдары Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары,

2015-17 жылдары Шымкент қаласы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы,

2018-19 жылдары ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту департаментінің директоры,

2019 жылғы тамыздан бастап қазіргі дейін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту департаментінің директоры болды.