Қызылорда полицейлері дәрі-дәрмекті заңсыз сату деректерін анықтады

Облыс көлемінде фармацевтика қызметін жүзеге асыру кезінде дәрілік заттардың сатылуына мониторинг жүргізу кезінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері дәріханаларда таусылған дәрілік заттардың үстеме бағамен қосып заңсыз сатудың алты дерегі  анықталды.

5 шілде күні Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан Қызылорданың 33 жастағы тұрғынын дәріханаларда таусылып тұрған дәрілерді сатып тұрған жерінен ұстады.  Ұсталған азаматшаны тексеру барысында айғақ зат ретінде «Цифран ОД» (1000 миллиграмм), «Тромбо АСС» (50 миллиграмм), «Цифран» (500 миллиграмм) дәрілер алынды.

Сонымен қатар 6 шілде күні  Қызылорда облысының тұрғыны интернет желісі арқылы «Цефепим» ампуладағы ақ түсті ұнтақ дәрісін сататыны жөнінде хабарлама жариялаған. Тексеру барысында бұл азаматтан  айғақ зат ретінде 11 дана «Цефепим» (ампулада) дәрі алынды.

7 шілдеде заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан Қызылорданың тағы бір тұрғыны 38 жастағы азаматша анықталып, ұсталды. Азаматша  әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап, дәрілік препараттарды көтеріңкі бағамен сатқан. Атап айтқанда «Кетатоп» дәрілік препаратын өзінің тұрғылықты мекенжайындағы үйінен жоғары бағамен сатқан. Айғақ зат ретінде 55 дана «Кетотоп» (ампула) дәрілік препараттар  алынды.

Полиция қызметкерлерімен мониторинг жүргізу барысында заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан Қызылорданың 42 жастағы тұрғыны ұсталды. Бұл  азаматша дәрілік препараттарды өзінің тұрғылықты мекенжайындағы үйінен бес дана «Цефтриаксон» (ампула), бір дана «Натрий хлорид» (ампула), екі дана «Ацетилсалициловая кислота», бір дана «Парацетамол» дәрілік препараттарды  жоғары бағамен сатқан.

Сонымен қатар 9 шілде күні  Қызылорда облысының тұрғыны интернет желісі арқылы дәрі сататыны жөнінде хабарлама жариялаған. Тексеру барысында бұл азаматтан  айғақ зат ретінде 10 дана «Ригидрон», 12 дана «Ципрокс», үш дана «Флемокслаф» дәрілік препарттары  алынды. 

Дәл сол күні заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан Қызылорданың тағы бір тұрғыны — 26 жастағы азаматша анықталып, ұсталды. Азаматша  бір дана «Клабел» (500 миллиграмм), үш дана «Оспамокс» (1000 грамм) дәрілік препараттарды көтеріңкі бағамен сатқаны анықталды.

Бүгінгі таңда бұл деректер бойынша тексеру жалғасып жатыр. Тексеру барысында анықталған заңсыз дәрі-дәрмек сату деректері бойынша заңға сәйкес құқықтық баға беріледі.

Қызылорда облысы Полиция департаменті облыс тұрғындарынан дәрі-дәрмектерді заңсыз сату деректері анықталған жағдайда полиция бөлімшелеріне немесе «102» телефоны арқылы  жедел хабарлауды сұрайды.