Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Үкіметтің және әкімдердің қабылданған шараларды түсіндіру жұмысында олқылық бар. Олардың қоғам пікірімен тиісті деңгейде жұмыс істей алмай отырғаны байқалды.
Бас санитар дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз. Тағы бір кемшілік — біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне, осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады, — деді Президент.
Президент бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың жұмысын сынады.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамы қате болды. Бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан да өрескел қателер жіберілді. Мұны ашық айту керек. Дағдарыс кезінде цифрландыру қызметінің де ролі мүлдем байқалған жоқ. Цифрлық комиссарлар қандай жұмыс бітіріп жатыр? Бұл төтенше жағдай болғандықтан пандемияға қатысты барлық шешімді жедел қабылдауымыз керек. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстары мен талаптары Үкіметтің өзге мүшелері мен әкімдер үшін бірінші кезекте орындалатын міндет болуға тиіс, — деді ол.
Мемлекет басшысы Қазақстанда қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсаратынына үміттенді.
Олай болмаған жағдайда жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды, — деді Президент.

