Ақорда сайтының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік мерекеге орай Ресей Президентімен бірге Ресейдің барша азаматына тілек арнады.
Ресей Федерациясы өзінің жаңа тарихында осы атаулы күнді халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жаңа сын-тегеурін мен қатерлерге қарсы іс-қимылға, дүниежүзі қауымдастығы мүшелері арасындағы өзара тиімді және әділ ынтымақтастықты дамытуға үлкен үлес қосып отырған қуатты әрі беделді держава ретінде атап өтеді. Ресей сіздің стратегиялық бағытыңызды қатаң ұстана отырып, мемлекеттік құрылымның сан ғасырлық дәстүрін табысты арттырып, қоғамдық өмірдің барлық саласын дәйекті түрде жаңғыртып келеді, — делінген жеделхатта.
Қазақстан Президенті Ресей азаматтарының патриотизм мен бірлікке бейілдігі, Отанға деген мақтаныш сезімі мен жарқын болашаққа деген нық сенімі Ресей мемлекетінің тұрақты дамуына және әл-ауқатының артуына кепіл болатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Қазақстан мен Ресей арасындағы достық байланысты және одақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған жемісті еңбегі үшін ризашылық білдірді.
12 маусым — Ресей Федерациясының мемлекеттік мерекесі, Ресей күні. 1990 жылы бұл Ресей Кеңес Федератив Социалист Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданған. Мереке 1992 жылдан бері ресми тойланып келеді.