Степногорскіде өртенген үйден бес адамның мәйіті табылды

Мамандардың мәліметінше, өрт 10 маусымда сағат 00.50-де болған. Өртенген үйдің төбесі опырылған. Төтенше жағдайлар қызметкерлері оқиға орнынан бес адамның мәйітін тапты. Олар: 1955 жылы туған әйел адам, 1976 жылғы ер адам және 2013, 2015 жылдары туған екі бала. Тағы бір ересек адамның кім екені анықталып жатыр. Үйдің 28 шаршы метрі өртенген.

10 маусымға қараған түні Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында да өрт болды.

Қостанай облысының Первомайское ауылында екі пәтерлі жеке үй отқа оранды. Үш адам күйіп қалды: 1972 және 1990 жылдары туған екі ер адам мен 2014 жылғы бала. Өрттің жалпы ауданы — 100 шаршы метр.

Семейде екі қабатты монша ғимараты өртенді, өрт кезінде екі адам екінші қабаттан секіріп, жарақат алды.

Ақтөбе облысының Темір ауданында екі қабатты аурухананың 530 шаршы метр шатыры өртенді, пациенттер мен қызметкерлер — 32 адам дер кезінде қауіпсіз жерге шығып үлгерген.

Аумақтық төтенше жағдайлар департаменттері аталған өрт оқиғаларының себебін анықтап жатыр.