Әлихан Смайылов Премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Әлихан Смайылов бұрынғы қызметінен босатылды. Ол Премьер-министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Әлихан Смайылов бұрынғы қызметінен босатылып, Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары болып тағайындалсын, — делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығында.

Әлихан Смайылов 1972 жылы Алматыда туған. 1994 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін бітірген. 1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтынан мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алды. Еңбек жолын 1993 жылы «А-Инвест» қорында бас маман болып бастады. 1999-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы болды. 2003-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі, Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы қызметін атқарды.

2006-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ұлттық компаниясы президенті болды. 2009-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің төрағасы, 2014–2015 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің төрағасы болды. 2015–2018 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті көмекшісі болып істеді.

2019 жылдың ақпанынанда Премьер-министрдің орынбасары және Қаржы министрі болып тағайындалған.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы болған Ерұлан Жамаубаев Қаржы министрі болып тағайындалды.