Ерұлан Жамаубаев Қаржы министрі болды

Бүгін Парламент Мәжілісінің қаржы және бюджет комитетінің отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңының 22-бабының, 1-бөліміне сәйкес Қазақстан Республикасының Премьер-министрі ұсынған Ерұлан Жамаубаевтың кандидатурасы Қазақстанның Қаржы министрі қызметіне мақұлданды. Біраздан кейін Ақорданың баспасөз қызметі Президент жарлығын жариялады.

Жамаубаев Ерұлан Кенжебекұлы Қазақстан Республикасының Қаржы министрі болып тағайындалсын, — делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығында.

Ерұлан Жамаубаев бұған дейін Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарды. Ол 1974 жылы туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын және Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ экономика университеті жанындағы Халықаралық бизнес мектебін бітірген. Еңбек жолын Қазақ мемлекеттік басқару академиясында тағылымгер-оқытушы болып бастаған. 1998-2006 жылдары Ұлттық банкте жетекші аналитик қызметінен статистика департаменті директорының орынбасарына дейін көтерілген. 2006-2014 жылдары Ұлттық банктың үйлестіруші департаменті директоры болып істеді. 2018-2019 жылдары Президент көмекшісі болды.

Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы қызметін 2019 жылдың наурызынан бері атқарды.