Басты бетМедицинаКоронавирустан Павлодардың...

Коронавирустан Павлодардың 57 жастағы тұрғыны қайтыс болды

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Павлодар тұрғынынан COVID-19 сәуірдің 23-інде анықталған. Жұқпалы аурулар стационарына жатқызылғаннан кейін оған «жіті бронхит» диагнозы қойылған. Науқастың жағдайы орташа ауыр дәрежеде деп бағаланды. Дәрігерлер оның ІІ типті қант диабетімен ауыратынын анықтады.

26 сәуірде ер адамның жағдайы нашарлап, реанимация бөліміне ауыстырылды. Пациентке көмек беру үшін республика көлеміндегі мамандар күн сайын кеңесіп тұрды. 29 сәуірде өз еркімен дем ала алмағаннан кейін оған өкпені жасанды желдету аппараты жалғанған.

2 мамырда науқастың жағдайы күрт нашарлады. Нұр-Сұлтаннан кардиохирург шақырылды. Реанимациядан кейінгі кезеңде науқастың жүрегінің, тынысалу органдары мен бүйрегінің қызметі нашарлай берген. Жүргізілген ем мен реанимация нәтиже бермей, пациент 6 мамырда сағат 20.40-та қайтыс болды.

Павлодар облысында коронавирустан осымен екінші адам қайтыс болды. 9 сәуірде өңірде бұл инфекциядан 84 жастағы тұрғын қайтыс болғаны хабарланған еді.

Қазіргі кезде республика бойынша коронавирустан көз жұмғандардың қатары 31-ге жетті. Алматыда 9, Шымкентте 5, Ақмола облысында 4, Нұр-Сұлтанда 3; Қарағанды облысында 3, Павлодар облысында 2, Шығыс Қазақстан облысында 1, Жамбыл облысында 1, Қостанай облысында 1, Маңғыстау облысында 1, Түркістан облысында 1 адам көз жұмып отыр.