Мемлекет басшысының мерекелік құттықтауы Ақорда сайтында жарияланды:
Құрметті отандастар!
Баршаңызды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мерейлі мереке қанқұйлы жауды күйрете жеңіп, туған жерін қорғап қалған әкелеріміз бен аталарымыздың өшпес ерлігін дәріптейді.
Қазақстандықтар қиын-қыстау кезеңде батырлық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Майданға аттанған 1 миллион 200 мың азаматымыздың жартысы елге оралған жоқ.
Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Леонид Беда, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Иван Павлов, Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов, Мәлік Ғабдуллин, Хиуаз Доспанова, Рақымжан Қошқарбаев және басқа даңқты батырларымыздың есімі мәңгі есте сақталады.
Соғыс жылдарында Қазақстанға көшірілген жүздеген өндіріс және өнеркәсіп кәсіпорнында мыңдаған отандасымыз еңбек етіп, Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосты. Әрбір 10 оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Ауыл халқы жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін аянбай тер төкті.
Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық.
Биыл мереке күні өзгеше ахуалға тұспа-тұс келсе де, майдангерлердің ешбірі елеусіз қалған жоқ.
Ардагерлерімізге мықты денсаулық және бақ-береке тілеймін!
Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын!