Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Рейхстагқа ту тіккен күн

Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Целиноград ауданында туған. 1942 жылы әскерге алынған. 1944 жылы қазан айынан бастап Бірінші Белоруссия майданында 150-атқыштар дивизиясы құрамындағы взводты басқарып, Польша мен Германиядағы ұрыстарға қатысқан. 1945 жылы 30 сәуірде лейтенант Рақымжан Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатов екеуі Берлинді алу кезінде елдің жоғары заң шығарушы органының ғимараты — Гитлер Германиясының символы болған Рейхстагқа Кеңес Одағының туын тікті.

Қазақ батырының бұл ерлігін алғаш болып мемлекет қайраткері, жазушы Кәкімжан Қазыбаев жария етті. Ол Бауыржан Момышұлының тапсырмасы бойынша Рақымжан Қошқарбаев туралы көп ізденді. Қазақ жауынгерінің сол ерлігін дәлелдейтін 100-ден астам құжатты тауып, шетел басылымдарына жариялады. Жазушы өзінің «Найзағайдай жарқылдап» атты кітабында былай дейді:

«- Мен сені неге шақырдым? — деді.

— Білмедім, Бауке!

— Білмесең, жаңа осында маған сәлем бере бір жігіт келді. Аты — Рахымжан. Фамилиясы қошқар ма, ісек пе, азбан ба, әйтеуір қойдың бір түрі, оны өзің анықтап алғайсың. Міне, сол жігіт… Міне, сол жігіт Рейхстагқа ту тіккен. Понимаешь?! Сен ұғып тұрсың ба, өзің? — деді.

— Ұғып тұрмын, Бауке!

— Өтірік айтасың! Ұқсаңдар, неге жазбайсыңдар? Соғыс біткелі он үш жыл. Ана Рахымжанды көрмей жүрген не қылған журналиссіңдер?! Журналиске диплом емес, сезім, жүрек, көргіш көз керек. Жоқ, сол сендерде жоқ. Знаешь, ты кто такой Рахымжан? Мен де оны бүгін бірінші рет көрдім. Білесің бе, кімнің сәлем бере келгенін? Это исторический человек! Мен де соғысқа қатыстым. Дивизияны басқардым. Москва түбіндегі шайқасты көрдім. Төрт жыл бойғы сұрапыл соғыстың небір сұмдық қияметтері көз алдымда. Бірақ Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын — ол нағыз жойқын қырғын! Как воин, как командир я представляю что это такое, это было невероятно! Рахымжан сол тозақтың ішінде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңіс жалауын тіккен. Кім үшін?! Мына сені мен мен үшін! Бүгінгі шолжаң қағып тірі жүргендердің бақыты үшін! Сол бір тозақта оның өзінің тірі қалуы — это чудо! Жеңіс деген бақыт — сол анау Рахымжан, Рахымжандар! Сен оны тап!»

Кәкімжан Қазыбаев ақыры батыр Бауыржан Момышұлының тапсырмасын орындады. 1999 жылы мамырдың 7-сінде Нұрсұлтан Назарбаев Рақымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағын берді. 2007 жылдың 7 мамырында Ресей Қорғаныс министрлігінің Әскери тарих институты Бірінші Белоруссия майданындағы 150-атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы барлаушы Григорий Булатовтың 1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа ту тіккені туралы тарихи оқиғаны ресми түрде растады.