Алматыда бүгінге дейін коронавирус жұқтырған барлығы 924 адам тіркелді. Оның 102-сі ауруханадан шықса, сегізі қайтыс болды. Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, қазір стационарларда 809 пациент емделіп жатыр. Оның үшеуінің жай-күйі аса ауыр, 26 адам ауыр жағдайда, 228 адам орташа ауыр дәрежеде және қалғандарының халі жақсы. Өкпені жасанды желдету аппараты жағдайы аса ауыр деп бағаланған екі адам мен жағдайы ауыр деп бағаланып отырған бір пациентке қолданылып жатыр.
Ауруханадан шыққан кейінгі алты адамның бірі — 30 наурызда Ыстамбұл — Куала-Лумпур — Алматы рейсімен ұшып келген 24 жастағы қыз. Ол бірден стационарға жатқызылған, бірінші тесті теріс нәтиже, 10 сәуірдегісі коронавирус жұқтырғанын көрсеткен. Пациент 18 күн емделді, жағдайы нашарлаған жоқ.
Екінші пациент — 16 наурызда круиз лайнерімен келген 1953 жылғы әйел. Келген соң карантинде болды, бірінші тесті теріс нәтиже, 28 наурыз күні кезекті тесті оң нәтиже көрсеткен. Әйелдің жағдайы ауыр болды, коронавирус инфекциясымен бірге екіжақты пневмониясы анықталды. 31 күннен соң пациент пневмониядан да, инфекциядан да түгел айығып отыр. Үшінші пациент — №11 қалалық емхананың 38 жастағы медицина қызметкері 17 күн емделді, жағдайы жақсы болды. Төртінші адам — 26 наурызда Мәскеуден ұшып келген 1963 жылғы әйел. Ол ауруханада 32 күн жатты. Сол жақ төменгі бронх пневмониясы болғанына қарамастан коронавирус инфекциясынан айығып шықты.
Коронавирустан жазылған тағы бір адам — Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасынан ауыстырылған 1984 жылғы пациент, әйел адам, Алматы облысының тұрғыны. Екіжақты полисегмент пневмониясына байланысты жағдайы ауыр болды. Дегенмен 32 күннен соң дәрігерлер оны инфекциядан түгел айықтырды.
Аурудан айыққан алтыншы пациент — бала көтергеніне алтыншы апта болған 33 жастағы әйел.