Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, карантин талаптарынан бір сәтте бас тарту жұқпалы аурудың қайта өршуіне себеп болады.
Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, мен төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы жарлық шығару жөнінде шешім қабылдадым. Бұл — біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы. Заң бойынша 11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталады. Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару — бәрімізге ортақ міндет. Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Сонымен қатар Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия карантин талаптарын жеңілдетуге дайын, — деді Президент.
Оның айтуынша, карантин режимі вирустың таралуын қатаң бақылауда ұстап отырған облыстар мен қалалардан бастап жеңілдетіледі. Мемлекеттік комиссия еліміздің барлық аймағында жұмысқа кірісетін мекемелердің тізімін жасайды. Бірінші кезекте өнеркәсіп кәсіпорындары, құрылыс, жол құрылысы және көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі керек. Олардан санитария нормаларды сақтап, жұмыс орындарында үнемі дезинфекция жүргізу талап етіледі. Жұмысшылар күнделікті өмірде әлеуметтік арақашықтықты ұстануы керек.
Кәсіпорын басшыларына және жергілікті атқару органдарына жеке жауапкершілік жүктеледі. Бұл орайда барлық деңгейдегі әкімдіктердің ролі айтарлықтай артады. Үкімет келесі айда да табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге көлемінде көмек береді. Қайтадан өтініш жіберудің қажеті жоқ. Төлем бұрын ұсынылған құжат бойынша жүзеге асырылады. Мұқтаж отбасылар азық-түлік ала береді. Оқшаулану кезінде ата-аналарға кішкентай балаларымен төрт қабырғаға қамалып отыру оңай емес. Мемлекеттік комиссия әкімдіктермен бірге аулаларды және ойын алаңдарын ашу мәселесін ойластыруға тиіс. Әрине, алдымен санитария нормалары мен санитариялық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы керек, — деді Президент.
Президенттің айтуынша, жағдай салыстырмалы түрде тұрақтанғанын ескеріп, Үкімет 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы арасындағы рейстерді ашады.
Ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, мейрамханалар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірше жабық болады. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді.
Күннің жылынуы мен карантиннен шаршау жауапсыздыққа себеп болмауға тиіс. Карантин режимі бұзылса, коронавирус жұқтырғандардың саны күрт көбейіп кетуі мүмкін. Әсіресе, созылмалы ауруы бар және егде адамдар ерекше сақ болуы керек, тіпті кішкентай балалар да ауру жұқтыруы мүмкін екенін байқадық. Сондықтан олардың денсаулығына бейжай қарауға болмайды. Әзірше бұл вирустың вакцинасы жоқ. Карантин шараларын қатаң ұстансақ қана, індеттен құтыламыз. Аса қажеттілік болмаса, ешқайда шықпай, үйде отырыңыздар. Бұл әсіресе қазіргі қасиетті Рамазан айында өте маңызды. Осы кезеңнің де асыл мұраты шыдам мен төзім, сабыр мен қанағат екенін білесіздер, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мәлімдемесінің толық нұсқасын Ақорда сайтынан оқуға болады. Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына байланысты төтенше жағдай режимі 16 наурызда енгізілді. Қасым-Жомарт Тоқаев сәуірдің ортасында оны 1 мамырға дейін ұзартты.