Төтенше жағдай кезінде табысынан түгел айырылмаса да, кірісі азайған азаматтар бар. Адвокат Құндыз Өтебекованың айтуынша, әлеуметтік көмекті тағайындау ережесі бойынша төтенше жағдай кезінде жұмыстағы міндеті азайып, соның салдарынан айлығы қысқарған азаматтар да 42 500 теңгеге өтініш бере алады.

Заңды тұлғалардың әлеуметтік көмекке қызметкерлері атынан өтініш беруі жиі кездеседі.

42 500 теңге алуға белгілі бір санаттағы тұлғалар ғана өтініш бере алады. Олар: жеке кәсіпкерлер, кәсіпорын қызметкерлері, өзін жұмыспен қамтып отырған жеке тұлғалар және өзге де жеке тұлғалар. Кәсіпорындар заңды тұлға болғандықтан өз атынан емес, әлеуметтік көмек тиесілі қызметкерінің атынан ғана өтініш бере алады, – дейді Құндыз Өтебекова.

Кәсіпорындар 42 500 теңгеге қызметкерінің атынан өтініш берген жағдайда оның рұқсатын алуға міндетті. Заңгер Есбол Зеңгірдің айтуынша, жұмыс берушіге қызметкерінің жеке мәліметін оған ескертпей немесе оның келісімінсіз пайдалануға рұқсат жоқ. Бұл Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 79-бабында (“Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу”) көрсетілген. Жұмыс беруші қызметкердің жеке мәліметін еңбек шарты мен заң аясында ішкі құжат айналымы үшін ғана пайдалана алады.

Заңды тұлғалар 42 500 теңге үшін қызметкерінің келісімінсіз немесе оған хабарламай өтініш берсе, ол өтінішке жұмыс беруші жауапты. Қызметкердің жеке мәліметін оның рұқсатынсыз пайдаланса, жарияласа немесе әлеуметтік көмекке өтініш берерде қате жіберсе, оған жұмыс беруші немесе оның өкілетті тұлғасы жауап беруі керек, – дейді Есбол Зеңгір.

42 500 теңге болатын әлеуметтік көмек о баста төтенше жағдай кезінде табыссыз қалғандар үшін тағайындалды. 13 сәуірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қызметкерлерін ақысыз демалысқа жібермесе де, олар үшін әлеуметтік көмек алуға өтініш берген еңбек ұжымдары бұл әрекеті үшін жауап беретінін айтты. 20 сәуірде Біржан Нұрымбетов 42 500 теңгені кім қалай алғаны тексерілмейтінін мәлімдеп, мәселеге нүкте қоюды өтінді.