Қызылорда облысының Ресейде оқып жатқан студенттері елге оралды

Студенттермен қатар Ресейде жұмыс істеп, нәпақа тауып жүрген тағы екі жерлесіміз оралды. Бұл туралы Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма хабарлады.

Студенттерді елге қайтарумен Ресейдегі Қазақстан елшілігі айналысты. Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алып жүрген Қазақстанның 250 студенті Ақтөбе облысының аумағындағы «Әлімбет» бақылау-өткізу бекетінен өтті. Солардың ішіндегі 41 студент пен екі азамат Қызылорда облысының әкімдігі тарапынан берілген автобуспен облыс орталығына жеткізілді.

Барлығы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №5 жатақханасына орналастырылды. Бүгін олардан тест сынамалары алынады. Ауру белгілері байқалса, карантинге жатқызылады немесе нәтижелері теріс болып шықса, үй бақылауында болады.

Айта кетейік, қазір Қызылорда облысының 328 студенті Ресей Федерациясы Үкіметінің бюджеті есебінен Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі инженерлік жоғарғы оқу орындарында білім алып жатыр. Наурыз айында олардың 62-сі елге оралып, карантин режиміндегі бақылауда болды.