Басты бетЖаңалықтарТөтенше жағдай...

Төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлер жеңілдетілген несие ала алады

Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Үкіметпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Гүлсая Зейнелғабдина айтты.

Кәсіпкер 6,5-8 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 6% мөлшерлемемен несие ала алады. Қарыз мерзімі — 5 жыл. Сонымен бірге кәсібін жаңадан бастаушыларға «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында қолдау көрсетіледі, — деді Гүлсая Зейнелғабдина.

Сонымен бірге Үкімет әйел адамдар құрған шағын және орта бизнес нысандарын ынталандырмақ. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағдарламасы Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі және ислам қаржыландыру бағдарламасы арқылы тартылған қаражат шеңберінде іске асырылып жатыр.

«Даму» қоры төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері субсидиялау құралы арқылы жалпы сомасы 37,6 миллиард теңгеге кәсіпкерлердің 268 жаңа жобасына қолдау көрсетті. Сонымен қатар кепілдік беру құралы бойынша 120 жаңа жоба қаралды. Оған арналған несие сомасы 7,9 миллиард теңге, кепілдік сомасы 3,4 миллиард теңге болады.

Бизнесті жеңілдікпен қаржыландыру үшін Қазақстан банктеріне барлығы 375 миллиард теңге салынған. Қор өкілдерінің айтуынша, карантин кезеңінде кеңес алмақ болған кәсіпкерлердің өтініші 50% артты.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметов шағын және орта бизнеске міндетті төлемдер мен салықтың көп түрін кешіктіріп төлеуге мүмкіндік берілгенін еске салды.