Дағдарыс кезінде азаматтар мен бизнеске қандай көмек беріледі?

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпкерлерге салық бойынша ынталандыру мен жеңілдік жасау бюджеттің кіріс бөлігінде ескерілді. Ірі сауда объектілері, сауда — ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, қоғамдық тамақтандыру орындары, қонақүйлер, хостелдер және туризм нысандары жылдың соңына дейін мүлік салығынан босатылды. Мұндай жеңілдік барлығы 700 мыңнан астам бизнес субъектісіне жасалады.

Салық салудың жалпы белгіленген тәртібімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жыл соңына дейін жеке табыс салығынан босатылды, — деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер жер салығын жылдың соңына дейін төлемейді. Биология активтері импорты жыл соңына дейін қосылған құн салығынан босатылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 30 наурыздан 1 қазанға дейінгі кезеңге 12%-тен 8%-ке дейін төмендетілді.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, шағын және орта бизнес еңбекақы төлеу қорынан алынатын салық және әлеуметтік төлемдерден (жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдар) 6 айға — биылғы 1 қазанға дейін босатылады.

Төтенше жағдай кезеңінде салық бойынша тексерулер мен салық, кеден және әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіру тоқтатылды.

Табыссыз қалғаны үшін әлеуметтік төлем алушылардың қатары артады, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары бар. 42 500 теңге мөлшеріндегі төлемақыны шамамен 3 миллион адам алады.

Көпбалалы отбасыларға, жұмыссыздарға азық-түлік жиынтығы тегін беріліп отырады. Мұндай көмек алушылардың саны 800 мыңнан асады.

Үкімет басшысы әкімдерге мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасын уақытында әрі тиімді іске асыруды тапсырды.