Басты бетҚоғамҚызылорданың медицина...

Қызылорданың медицина мамандары мемлекет қолдауына алғыс білдірді

Гүлжауһар Сүгірбаева
Гүлжауһар Сүгірбаева. Фото жеке архивтен

Олардың қатарында Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бокс бөлімінің меңгерушісі, инфекционист дәрігер Гүлжаухар Сүгірбаева да бар. Тәулік бойы індетпен күресіп жатқандықтан дәрігердің отбасымен қауышпағанына 20 күннен асыпты. Маманның айтуынша, үйдегідей атмосфера болмаса да, ауруханада дәрігерлерге жасалған жағдай көңіл көншітеді.

Аурухана әкімшілігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Осы індетке қарсы күреске атсалысқан барлық медицина қызметкері — дәрігерлер, медбикелер, кіші медицина буын өкілдері жасаған еңбегіне байланысты үстемақыларын алды. Әрі қарай да осы індетті жою жолында еңбек етеміз, — деді Гүлжауһар Сүгірбаева.

Гүлнар Оспанова
Гүлнар Оспанова. Фото жеке архивтен

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы ересектер бөлімінің меңгерушісі, инфекционист дәрігер Гүлнар Оспанова да науқастармен тікелей байланыс жасайтын бокс бөлімінде еңбек етіп жатыр. Ол төтенше жағдай кезінде басқарма тарапынан жасалған көмекке алғысын білдірді.

Қызылорда облысында коронавирус дерегі тіркелгелі науқастардың сауығып кетуі үшін күндіз-түні еңбек етіп жатырмыз. Дәрігерлерді қажет қорғаныш киімдерімен толықтай қамтамасыз етті. Індетке шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейтін дәрігерлерге үстемеақы да төленді. Пандемия қауіпті болғандықтан біз үшін жатын орын, тұрмысқа қажет барлық жағдай жасалған. Аурумен күрес дәрігерге де, науқасқа да оңай емес. Біздің басты мақсатымыз — қауіпті инфекцияны жұқтырған әрбір науқастың айығып кетуі үшін бар күшімізді салып, нәтижеге жету. Солай болғанда ғана отбасымыбен тезірек қауышамыз. Сондықтан әрбір тұрғын төтенше жағдай талаптарын сақтап, қауіпсіздік шараларын ел үшін жасап жатқанын ескерсе екен, — дейді дәрігер.

Қанат Жүкешев
Қанат Жүкешев. Фото жеке архивтен

Коронавирус індетімен бетпе-бет келіп, инфекциямен күресте тәулік бойы еңбек етіп жүрген дәрігерлердің бірі — Қанат  Жүкешев. Маманның айтуынша, мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылған.

Жұмыс орнында да, бізге арнайы берілген демалыс орнында да жағдай жақсы. Дәрі-дәрмек жеткілікті, қорғаныш киімдріміз де түгел. Науқастарға емдеу жүргізу кезеңінде аз-кем қиындық туындайтын жағдайлар кездеседі. Өйткені әр науқастың ауруының өршуі, дамуы әртүрлі. Мұндай кезеңде республиканың өзге өңіріндегі білікті мамандармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Олар да көмек беруден аянбайды. Бұл жағдай әрбір медицина қызметкері үшін оңай емес. Дегенмен ауруханамыздың басшылары бізге психология, мораль, материалдық тұрғыда қолдау көрсетіп отыр. Барлығына алғысымды білдіремін. Бастысы, бәріміз бірге қауіпті індетті жеңіп, отбасымызбен тезірек қауышсақ екен, —  деді Қанат Жүкешев.