Ертегіде кішкентай Сарадан анасы коронавируспен күресетін батыр болуды өтінеді. Сара қалай батыр бола алатынын түсінбейді. Себебі оның бойында ешқандай тылсым күш жоқ. Сол кезде оған айдаһарға ұқсайтын Арио есімді мақұлық көмекке келеді. Арио мен Сара әлемді аралап жүріп, бірнеше елдегі балалармен кездеседі. Оларға қауіпті індетті жеңу үшін бір метр қашықтан сөйлесу, қолды сабынмен жуу, дұрыс жөтелу немесе түшкіру, карантин ережесін бұзбау сияқты шараларды істеу керек екенін түсіндіреді.

балалар, ертегі
Фото: ЮНИСЕФ қорының Қазақстандағы өкілдігі

My Hero is You ертегісі — Психикалық денсаулық және төтенше жағдайлардағы психологиялық  қолдау жөніндегі басқармааралық тұрақты комитеттің (Inter Agency Standing Committee) анықтама тобының жобасы. Бұл комитетке БҰҰ мен Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай халықаралық қозғалысы құрамындағы ұйымдар, төтенше жағдайларда психиатриялық және психологиялық көмек берумен айналысатын дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі басқа да ұлттық және халықаралық ұйымдар кіреді. Кітап иллюстрациясының авторы — Хелен Патук.

Жоба авторлары әуелі 104 елдегі ата-аналардан, тәрбиешілер мен мұғалімдерден коронавирус инфекциясымен қалай күрес жөнінде сауалнама алған. My Hero is You осы әлеуметтік зерттеуге қатысқан 1 700 респонденттің жауабы бойынша жазылды.

ЮНИСЕФ өкілдерінің айтуынша, бұл кітап пандемияға байланысты үйде отыруға мәжбүр болған балаларға уайымға салынбауға көмектеседі.

Дүниежүзіндегі балалардың өмірі бір сәтте өзгерді, көп елде адамдардың жүріп-тұруы шектелді, үйден шығуға болмайды, – дейді БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) атқарушы директоры Генриетта Фор.

Кітап негізінен 6-11 жас аралығындағы балаларға арналған. Ол 17 тілде жарық көрді. ЮНИСЕФ қорының Қазақстандағы өкілдігінің тапсырысы бойынша оны филолог Назгүл Қожабек қазақшаға аударды.

балалар, ертегі
Иллюстрация: Хелен Патук

Балаларға «Сен менің батырымсың» кітабын ата-ана, тәрбиеші немесе мұғалім оқып беруі керек. Бұл кітапты бала өз бетімен оқымағаны жөн, — делінген кітаптың кіріспесінде.

Ертегінің орысша және қазақша нұсқасын ЮНИСЕФ қорының сайтынан оқуға болады.