балалар
Балым Мұсабек. Фото жеке архивінен

Балым Мұсабек, Алматыдағы №62 гимназияның 3-класс оқушысы:

Мен қазақ мектебінде оқимын, бірақ сабақ бағдарламасынан тыс қызық кітаптарды орысша оқыған ыңғайлы. Маған қазақша кітаптардағы мәтіндерді түсіну қиын. Оны оқығанда үнемі анамнан «мына сөздің мағынасы қандай?» деп көмек сұрап отырамын.

 

Қазіргі кітаптарда мен білмейтін күрделі сөз өте көп. Түсінікті тілде жазылған болса, мен қазақша кітапты қуана-қуана оқимын.

балалар
Дәурен Берікқажыұлы. Фото жеке архивінен

Дәурен Берікқажыұлы, ақын:

Біз неге балаларға жалпы кітап оқыта алмай отырмыз? Бүгінгі балалар кітап оқуға неге құлықсыз? Менің ойымша, оның ең бірінші себебі — ата-ананың өзі кітап оқымайды. Ата-анасы кітап жинамаған, кітап оқып өспеген үйде кітап культі қалыптаспайды. Екіншіден, бүгінде кітап оқитын, кітапқа деген талғамы қалыптасқан ата-анаға полиграфия жағынан заманға сай безендірілген қазақша кітап табу қиямет-қайым. Мұның бәрін мен өз басымнан өткізген соң айтып отырмын. Бір жылдары ағылшын әдебиетін қазақшалаған, дұрысы, калька түрінде аударған, тілі орашолақ әдемі кітаптар дүкен сөрелерінде пайда болды. Оны оқытуға балаңды аяйсың. Ал әліпті таяқ деп білмейтін ата-ана қызылды-жасылды сол кітаптармен балалардың тілін қалыптастырып жатқаны — тағы да шындық. Үшіншіден, қазір — теледидарды былай қойғанда, әртүрлі гаджет баланың қиялын жеп қойған заман. Балалармен жұмыс істейтін кітап индустриясын мықтап ескеру керек. Бізде, әрине, ол әлі қалыптасып үлгерген де жоқ.

Кітапты жарнамалау технологиясын басқа елдер қалай жүзеге асырып жатқанын зерттеу керек.

Мен 2008 жылы Эдинбург кітап фестивалінен «Ұрланған балалық шақ» деген кітап сатып алып келдім. Ондағы ойым сол кітапты біздің кітап шығарушыларға көрсету еді. Қаріп ерекшелігінен бастап ішіндегі суреті, кітаптың қағазына дейін жұтынып тұр ғой, несін айтасың?! Біздің кезімізде оқыған Мюнхгаузендер мен шатырда тұратын Карлсондардың кітаптары қандай еді?! Рас, орыс тілінде шығып жатқан ондай кітап көп-ақ. Оларды бала түгілі, менің өзім есім кетіп оқимын. Мұндағы айтпағым — біздің баспа болсын, балалар әдебиетімен бас қатыратын қандай да бір орган болсын, аудитория үшін күресіп отырған жоқ. Қала орталығындағы кез келген кітап дүкеніне кірсеңіз, оған көзіңіз анық жетеді.

Тәуелсіздік алған 30 жылда орыс тілінде оқитын оқырман аудиториясы мейлінше артып, Ресей баспаларына керемет нарық қалыптастырды. Енді аз жылда сол кітап дүкендерінің сөресі ағылшын тіліндегі әдебиетке тола бастайтыны айтпаса да, түсінікті жайт.

балалар
Зира Наурызбаева. Фото жеке архивінен

Зира Наурызбаева, мәдениеттанушы:

ХХІ ғасырда кез келген адам, оның ішінде балалар да кез келген затқа немесе ақпаратқа жылдам қол жеткізіп үйреніп қалған. Сол сияқты балалар қазақша кітап оқығанда оқиға барысын тез түсінгісі келеді. Ал бүгінде балаларға арналған қазақша кітап, әлем әдебиеті қазақшаға дұрыс аударылмайды, жазылмайды. Балаға ондағы ақпаратты меңгеру қиын, соны байқадым, сол себепті бұл олқылықты түзеуіміз қажет. Қазіргі балалар оқып отырған кітабынан өзін көргісі келеді. Оларға бұрынғы тарих, өзіне таныс емес кейіпкерлер қызық емес. Егер қазақша кітап арқылы балаларға тарихымызды, мәдениетімізді үйреткіміз келсе, оқиғаның ішіне қазіргі балаларға ұқсайтын кейіпкерлерді қосу керек. Оқып отырған бала өзін сол әлемде болғандай сезінуі қажет. Меніңше, біздің балаларға арналған әдебиетімізде осы жағынан қате кетіп жатыр. «Барсакелмес әлеміндегі Бату және оның достары» атты кітапты алғаш жаза бастағанымызда біз де осы қатені жібердік. Бірінші тарауын жазып болып, эксперимент ретінде қызыма оқытсам, «қызық емес» деді. Оның себебі — ол шығармадан өзін таба алмады.

Біз балаларға жаппай ақыл айтқанды жақсы көреміз. Мысалы, бір ұғымды түсіндіргіміз келсе немесе тарихты айтқымыз келсе, оны кітаптың екі-үш бетінде бір кейіпкердің аузына салып береміз. Бұл жас оқырманды жалықтырады, сол себепті танымдық ақпаратты беру тәсілін де өзгертуіміз қажет.

балалар
Назгүл Қожабек. Фото жеке архивінен

Назгүл Қожабек, аудармашы, филолог:

Мен сізге бір-ақ нәрсемен жауап берейін. Бала ешқашан кітапханаға өзі бармайды, өзінен-өзі кітап оқимын демейді. Мысалы, 8 жастағы бала кітап дүкеніне өзі барып, кітап сатып ала ма? Жоқ, оны әке-шешесі ертіп барады. Оны кітапханаға апаратын да, үлгі көрсететін де — ата-анасы. Ата-ана қазақша кітап оқымаса, бала қайдан оқысын? Қазіргі ата-ана балаларға кітап оқып бермейді, «мына кітапты оқып көр» деп ақыл-кеңес айтпайды. Бала бір кітапты оқып, сұрағы пайда болса, ол сұрағына жауап бермейміз. Жалпы, бүгінде ересектердің, ата-ананың әдеби талғамы жоғалған, соның кесірінен балаларымызға да ештеңе үйрете алмай жатырмыз.

Бұл мәселені шешу үшін ең әуелі ата-ана өз-өзін түзеуі қажет, әдебиетке қызығуы қажет, балаларға қазақша кітап алып беруге тиіс.