Темекі, вейп, электрон темекі

Темекі, шылым, түтін
Иллюстрация: Dribbble.com ©Damian Kidd

Темекі өнімінің кез келген түрі өкпенің жұмысына және иммун жүйеcіне кері әсер етеді. Шылым шегу жүректің ишемия ауруы, тамырдың периферия ауруы, қатерлі ісік, инсульт және басқа да аурудың қаупін арттырады. Темекі шегу — кез келген вирус инфекциясының ағымы ауыр болуына ықпал ететін қосымша фактор. Шылым шегетіндер ә дегеннен қауіп тобына енеді, өйткені олар басқаларға қарағанда өкпенің созылмалы ауруларымен (созылмалы бронхитпен) және пневмониямен ауырады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамдарды кез келген темекі өнімін пайдалануды тоқтатуға үндейді. Темекі шегуден бас тарту шылымқорлар арасында да, шылым шегетіндердің қасында жүретіндер арасында да коронавирус салдарынан болатын қауіпті азайтады.

Алкоголь

Иллюстрация: Dribbble.com/©Shelby Reynolds

Біраз уақыт бұрын желіде «күшті алкоголь ішу коронавирус инфекциясына қарсы тұрады» деген ақпарат тарады. «Алкоголь вирусты жояды және оны тұтынатындарды қорғайды» деген күмәнді тұжырым айтылды.

Бұл — өтірік тұжырым. Керісінше, спиртті ішімдікті шамадан тыс ішу иммун жүйесін әлсіретеді, бауыр, ми жасушаларын бұзады және алкогольге тәуелді қылады. Алкоголь ағзаның вирусқа қарсы иммун реакциясының бұзылуына себеп болады.

Ұйқының бұзылуы және дұрыс тамақтанбау

ұйқы
Иллюстрация: Dribbble.com ©Uran

Қанша аз ұйықтасаңыз және дұрыс тамақтанбасаңыз, денеңіздегі жұқпалы ауруға қарсы қуат соғұрлым азаяды.

Қалыпты ұйқы иммунитетті сақтауға көмектеседі. Ұйқысыздық иммун жүйесінің нашарлауына және қабыну мен жұқпалы ауруларға, сонымен бірге ісік түрлері қаупінің артуына себеп болуы мүмкін. Ал дұрыс тамақтанбау семіздікке, жүрек ауруына, қатерлі ісікке және екінші типті қант диабетіне ықпал етеді.

Карантин деген дұрыс тамақтану мен дене қимылы режимін бұзуға еш себеп емес.

Күнделікті салауатты өмір салтын ұстану керек, таңғы асты, түскі және кешкі асты уақытында ішуді ұмытпаңыз. Чипс, шоколад пен бутерброд жеуді доғарыңыз. Үй маңында көбірек қозғалыңыз және дене шынықтыруға ерінбеңіз.

Бұл ұсыныстар өзін-өзі оқшаулау кезеңінде ғана емес, үнемі сақталуы керек. Өйткені бұл әрекеттер кез келген инфекцияға төзімділікті арттырып, өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.

Коронавирусты жұқтыру қаупін азайту үшін темекі шегуден және алкоголь ішуден бас тартып, дұрыс тамақтаныңыз және жиі қимылдаңыз.