Ол — бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары және оның алдында Қазақстанның Бас мемлекеттік санитар дәрігері болған Жандарбек Бекшин.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысының бұйрығымен 2020 жылғы 18 сәуірден бастап Жандарбек Мұхтарұлы Бекшин Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері болып тағайындалды, — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Алматы бойынша департаментінің басшысы болған Айзат Молдағасымова қызметінен кетті.
Бұған дейін Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасының бір топ дәрігері Айзат Молдағасымованы сотқа бергелі отырғаны хабарланған еді. Медицина қызметкерлері Алматының бас санитар дәрігерінің жуырдағы мәлімдемесіне наразы болды — Айзат Молдағасымова «медицина жұмысшыларының коронавирус жұқтыруына олардың қауіпсіздікті сақтамауы себеп» деп мәлімдеген.
Жандарбек Бекшин бір ай бұрын ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері қызметінен кеткен еді. Бірақ ол Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары болып қала берді. Қазақстанның жаңа Бас мемлекеттік санитар дәрігері болып Айжан Есмағамбетова тағайындалды.
Жандарбек Бекшин ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері болып 2011-2013, 2014, 2014-2017 жылдары қызмет етті. Соңғы рет бұл қызметке 2019 жылдың 25 маусымында тағайындалды. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетін былтырдан бері Людмила Бюрабекова басқарады.