Алматы прокуратурасы «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің заңсыз жекешелендірілген активтерін мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Прокуратура мәліметінше, 2015 жылы серіктестіктің 100% үлесі мен оған тиесілі жылжымайтын мүлік активтері заңсыз түрде жеке заңды тұлғаның иелігіне өткен. Әңгіме Алматының Әуезов ауданында орналасқан, жер телімімен қоса ауданы 2 108,3 шаршы метр болатын ғимарат туралы болып отыр.
Мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау мақсатында Әуезов аудандық прокуратурасы жекешелендіру шартын және кейін жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз берген. Нәтижесінде кассациялық сот прокуратураның талабын толық көлемде қанағаттандырды. Осылайша құны 1,3 миллиард теңгеге бағаланған актив мемлекетке қайтарылатын болды, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР бас прокуратурасы экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының кезінде жекешелендірілген бірқатар нысанның мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанын хабарлаған еді.
Еске салайық, 2022 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлы ұсталып, оған бюджет қаражатын жымқыруға қатысты бірнеше эпизод бойынша айып тағылған болатын. Тергеу материалдары «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сонымен қатар ұлттық мәдени мұраны цифрландыру жобаларына бөлінген қаражатқа байланысты болған.
