Алматыда аурухана мамандары бас санитар дәрігерді сотқа бермекші

Дәрігерлердің шағымы Айзат Молдағасымованың жуырда жасаған мәлімдемесіне қатысты.

Орталық қалалық клиникалық аурухананың гинекология бөлімінің атынан Айзат Молдағасымованың үстінен сотқа арыз беремін. Қазіргі кезде адвокаттар сотқа дейінгі талап жазумен айналысып жатыр, — деді Гауһар Әміреева.

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова 13 сәуірде телеарналардың біріне берген сұхбатында «Орталық аурухананың медицина қызметкерлерінің коронавирус жұқтыруына олардың өзінің дұрыс сақтанбауы себеп» деп мәлімдеген.

Кейін онлайн брифингте ол «ауру жұқтырған медицина қызметкерлері симптомдары байқалғанына қарамастан қызуды басатын препарат қолданып, жұмысқа келіп жүрген» деп те мәлімдеді. Бұған наразы болған дәрігерлер әлеуметтік желіде Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазылған мәлімдемені жария етті. Олар Айзат Молдағасымова медицина қызметкерлеріне жала жауып отыр деп есептейді.

15 сәуірде Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров бұл оқиға жөнінде «қазір дауласатын мезгіл емес» деп мәлімдеді.

Қоғам мүшелері бұған дейін Айзат Молдағасымованың коронавирус тарап жатқанда шетелге барып келгеніне және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінен Наурыз мейрамында дәрігерлермен бірге сыйақы алғанына наразы болған еді.

Еске салайық, Алматыдағы орталық қалалық клиникалық аурухананың 182 қызметкері мен 18 пациенті коронавирус жұқтырған.