Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Конгода Эбола өршіп тұр: қайтыс болғандар саны 60-қа жетті

Фото: Gradel Muyisa Mumbere / Reuters
Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегінен қайтыс болғандар саны 60 адамға жетті. Елде қауіпті індеттің 344 расталған жағдайы тіркеліп, аурудың таралуын тежеу шаралары жалғасып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індетіне қатысты соңғы мәліметтерді жариялады.

Оның айтуынша, елдің үш провинциясы мен 24 медициналық аймағында Эбола безгегінің 344 расталған жағдайы тіркелген.

Ауру салдарынан 60 адам қайтыс болған. Сонымен қатар күдікті жағдайлар саны айтарлықтай азайған. Егер өткен аптада олардың саны мыңнан асса, қазір 116 жағдай тіркеліп отыр.

Жуырда Конго Демократиялық Республикасы аумағында болған ДДҰ басшысы жергілікті билік пен медицина қызметкерлерінің індетпен күреске белсенді атсалысып жатқанын атап өтті, — делінген хабарламада.

ДДҰ мәліметінше, бірлескен күш-жігер мен үйлестірілген жұмыстардың арқасында індеттің таралуын тежеу бағытындағы шаралар алғашқы нәтижесін бере бастаған. Қазір аурудың одан әрі таралуын бақылау жалғасып жатыр.

Бұған дейін ДДҰ Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індетімен күреске алдағы үш ай ішінде 115 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы қажет екенін мәлімдеген болатын.