17 сәуірде Алматыда тағы 63 адам вирус жұқтырғаны анықталды. Олар — орталық қалалық клиникалық аурухананың 10 медицина қызметкері мен осы аурухананың жедел респиратор вирус инфекциясы белгісі бар екі пациенті, жедел жәрдем қызметінің бір қызметкері, №7 қалалық клиникалық аурухананың екі қызметкері, №12 қалалық емхананың екі қызметкері, Алматы көпбейінді клиникалық ауруханасының екі қызметкері және вирус жұқтырған адамдармен байланыста болғаны үшін оқшауланған 44 адам.
Қазір қалада барлығы 392 адам емделіп жатыр. Науқастардың біреуінің жағдайы өте ауыр, төртеуі ауыр, 92 адам орташа ауыр жағдайда, 295 адамның жағдайы қанағаттанарлық. Бір пациент өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Ауру жұқтырған медицина қызметкерлерінің саны 234-ке жетті.
Олар: орталық қалалық аурухананың 193, балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 31, №7 қалалық клиникалық ауруханасының екі, медициналық жедел жәрдем қызметінің үш, №2 қалалық емхананың үш және №11, №32 қалалық емханалардың бір-бір қызметкері. Ешқайсы ауыр халде емес, — деді Тілеухан Әбілдаев Алматыдағы коронавирусқа қатысты ахуалға арналған онлайн брифингіде.
Орталық қалалық клиникалық аурухананың инфекция жұқтырған қызметкерлерінің жағдайы қанағаттанарлық. Бұл аурухана карантинге жабылып, мекемедегі қызметкерлер мен науқастар 14 күн карантинде жатыр. Олардың жағдайы қанағаттанарлық. Бүгінгі таңда қалада екі дәрігер, үш медбике және төменгі буынның үш қызметкері — жалпы саны сегіз қызметкер жазылып шықты.
Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, провизор госпитальдерінде 356 адам, стационардағы карантинде 422 адам және үй карантинінде 7 992 азамат жатыр.
Мемлекеттік комиссия бекіткен санаттарға жататын барлық медицина қызметкері төлем алғанын ресми түрде хабарлаймыз. Тәуекел санатына кірмеген медицина қызметкерлерін медицина ұйымдары қорынан қаржылай қолдау туралы мәселе шешіледі. Оған қоса, жергілікті бюджет есебінен оларды қосымша қолдау қарастырылып жатыр. Қазір 3 758 медицина қызметкеріне жалпы сомасы 1 миллиард 200 миллион теңге үстемеақы төленді. Қызметкер COVID-19-бен тікелей жұмыс істеу кезінде инфекция жұқтырса, оған 2 миллион теңге өтемақы төленеді. Өтемақы Денсаулық сақтау министрлігі құрған комиссия эпидемиологиялық тексеру жүргізгеннен кейін төленеді, — деді басқарма басшысы.
Осы аптаның басында ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы курсанттарының коронавирус жұқтырғаны хабарланған еді. Басқарма басшысы қазір олардың саны 54-ке жеткенін айтты.
54 курсант түгел жұқпалы аурулар ауруханаларына жатқызылды. Бәрінің жағдайы қанағаттанарлық, — деді Тілеухан Әбілдаев.
Алматыда бүгінге дейін коронавирус инфекциясы бойынша 461 жағдай тіркелген еді, 67 адам аурудан айықты, 3 адам қайтыс болды.