— Наталья, Қазақстандағы онлайн білім беру жүйесіне қандай баға қояр едіңіз?

— Коронавирус инфекциясы тек біздің басымызға түскен ауыртпалық емес, бұл індеттен дүниежүзі зардап шегіп отыр. Техника тұрғысынан қарасақ, дүниежүзінің білім жүйесі мұндай жағдайға дайын емес екен. Бұл орынды да. Өйткені таралу аймағы осыншалықты жылдам вирус шығатынын ешкім білмеді, дайын болмады. Сол себепті осындай қиын кездегі білім беру жүйесіне баға берудің өзі артық. Оның үстіне, онлайн оқытудың қауіп-қатері жеткілікті.

Біріншіден, мектептегі оқуды онлайнға ауыстырғанға дейін де интернет жылдамдығы төмен еді.

Екіншіден, онлайн оқу алаңдары мен құралдары алдын ала дайындалып, сатып алынған жоқ. Қазір дайын деген Zoom жүйесіне тез қосылу үшін де қаражат керек, ал мемлекеттік сатып алудың не екенін бәріміз білеміз, ол — бірнеше сатыдан тұратын және біраз уақытты қажет ететін шара. Ал қазіргі жағдайда бұл — мүмкін емес нәрсе. Оқу платформасына да, интерактив тақтасына да сабақ материалын жүктеу керек. Өкінішке қарай, оқу-әдістеме кешендерінің санаулысында ғана бұл компонент бар. Ол былай тұрсын, оқушы үйде сабақта өткен материалды ата-ана мен ұстазсыз игеруге мүмкіндігі болуы керек. Ал ондай мүмкіндік интерактив оқулықта ғана бар.

Үшіншіден, оқушылар өз бетінше жұмыс істеуге икемделмеген, өздері отырып дайындала алмайды.

Тағы басқа кедергілерді тізе беруге болады, бірақ мұның бәрін Білім және ғылым министрлігі 2016 жылы жаңартылған мазмұндағы білім алу бағдарламасын енгізгенде талқылаған еді. Алайда ұстаздар мен ата-аналар идея авторларына қарсы шықты. Неге екені белгісіз, бәрі Кеңес Одағы кезіндегі білім жүйесінің артықшылығын мақтап шыға келді де, балаларымыз ХХ ғасырдың резиденті, яғни технология заманының тумасы екенін ешкім ойлаған жоқ. Психологияда «өзіңді балаңмен салыстырма, себебі әр ұрпақтың өз уақыты және соған сай өз мүмкіндігі бар және оның бәрі технологияның, экономиканың, тағы басқаның дамуына байланысты» деген түсінік бар.

Наталья Мұхамеджанова
Наталья Мұхамеджанова. Фото жеке архивінен

— Қазір бәрі онлайн білім алуды сынап жатыр. Бұл жағдайға мүмкіндік деп қарасақ, онлайн не қашықтан оқыту форматы дүниежүзіндегі білім жүйесінде нормаға айналған, ал біз соған бір табан жақындадық және оның шамамен қалай жүзеге асатынын біліп жатырмыз.

— Blended Learning деген бағдарлама бар. Бұл бағдарлама білім беру кезіндегі дәстүрлі және цифр материалдың қосындысынан тұрады. Мысалы, біздің тіл үйрену мектебімізде үй тапсырмасын және бір мезгілде өз командаңа ұпай жинайтын платформа бар. Мұғалім оқу процесін көреді және бақылап отырады, алайда оның барлық тексеру жұмысын платформа өзі істейді: оқушы қате жіберді, қанша рет тапсырманы қайта орындады — бәрін мұғалімге платформа көрсетеді.

Мақсат не? Оқушы дұрыс жауапқа жетпейінше оған қате жіберуге, түзетуге, қайта жазуға мүмкіндік беріледі. Сөйте тұра, ол өз командасына ұпай әкеледі. Бұл осылайша балаға қызық әрі оны ынталандырады. Сонымен бірге бұл бағдарлама аясында электрон кітап бар, сол арқылы бала сабаққа оралып, үй тапсырмасын орындайды. Ол бойынша оқушы интерактив форматында сабақта өткенді оқып, тыңдап, материалдағы тапсырманы орындайды. Оқу процесі мұғалім-оқушы және оқушы-мұғалім түрінде ғана жүрмейді. Бұл — мұғалім мен оқушының интерактиві және қарым-қатынасы. Бұл тек берілген материалды меңгеріп қана қоймай, кез келген пән бойынша XXI ғасырдың дағдысын қалыптастырады. ХХ ғасырдың дағдысы деген не? Бұл — креатив, коммуникация, кооперация, сыни көзқарас. Тұжырымдасақ, бұл — алған білімді сыныптан тыс, өмірде өз бетіңше пайдалана білу қабілеті. Ал онлайн оқу баланың дүниежүзіндегі білім алу стандартына бір табан жақындауға, зымырап өзгерген процеске қазірден бейімделуге мүмкіндік береді. Әйтсе де, балада озық қоғамның толық мүшесіне қажет барлық дағды болуы үшін, бұл процесті дәстүрлі білім алумен ұштастыру қажет, былайша айтқанда, life communication. Осының барлығы жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасында ескерілген. Менің ойымша, қазір біз соған баса назар аударуымыз қажет. Осы бағдарламаны дұрыс жүзеге асырсақ, онда бала да өз бетінше сабақ оқиды және бұған интернеттің де, арнайы платформаның да, ата-ананың да көмегі керек емес.

— Айтпақшы, қашықтан оқу жүйесіне үлкендерге қарағанда балалар тез үйреніп алған сияқты…

— Балалардың алға кеткені сөзсіз, ал біз, педагогика тұрғысынан олардан айтарлықтай қалып қойдық. Олар технологияны жылдам меңгереді, телефонның ұңғыл-шұңғылын бізге қарағанда тез тауып алады да, қолданады. Интернеттен өзіне қажет ақпаратты қалай тез әрі дәл тауып алатынан назар аударыңызшы. Бұл олардың сұрақты, ойды бізге қарағанда нақты жеткізетінін көрсетеді.

Меніңше, қазір балаларға жетпейтіні — жауапкершілік пен тәртіп. Бұл енді тәрбиеге қатысты мәселе, оған ата-ана жауапты.

— Әлеуметтік желілерде балалардың қашықтан оқудан қиналып жатқаны түсірілген видео тарап жатыр. Ересектердің аса белсенді болуы онлайн білім беруге кедергі емес пе, қалай ойлайсыз?

— Бала күнімізде өзіміз қандай оқушы болдық, ата-анамыз қалай оқытты, бір сәтке соны еске түсірейікші. Біз де сабақта дәл осылай қиналдық, сабақты түсінбедік, тапсырманы орындай алмадық, сол үшін әке-шешемізден таяқ та жедік. Әрине, ол кезде әлеуметтік желі деген жоқ, бірақ бірде-бір ата-ана туған баласын бүкіл елге күлкі қылып, мазақ еткен жоқ. Ал қазір ше? Жаңа нәрсені меңгеру кезінде балаңның қиналып тұрған сәтін видеоға түсіресің де, елге жар саласың.

Өз басым туған баламды не оның мұғалімін бүкіл жұртқа жариялап, әлеуметтік желіге салуға дәтім бармас еді. Сол себепті бұлай істеп жатқан ата-ананы да түсіне алмаймын. Жалпы, мұндай сәтті видеоға қалайша жайбарақат түсіріп тұруға болады? Не үшін? Мақсат не, хайп па? Бұл — ата-ана қауымының этикасы, шыдамы. Біздің, үлкендердің осы қасиетіміз қайда кетті? Әйтсе де, мұндай адамдар бірен-саран, сондықтан жалпы ата-ана қауымы бұған түсінікпен қарайтыны қуантады. «Көш жүре түзеледі» демекші, бұл жөнінде де жұмыс істелер, даму процесі дүниежүзінің барлық түкпірінде жүріп жатыр. Осы тұрғыда, менің ойымша, барша ел болып шыдамды бола отырып, біріккеніміз абзал, неге десеңіз, Жер бетіндегі өзгерістің жылдамдығы зымырап барады және біз оған ілесіп үлгере алмай жатырмыз, күнде бірнәрсе жаңарады және ата-ана балаға білім мен тәрбие берудің ажырамас бір бөлігі екенін естен шығармауы қажет.

— Осы оқу жылын балаға зиян келтірмейтіндей етіп аяқтау үшін бізге не істеу керек деп ойлайсыз?

— Соңғы тоқсанды дабыра қылмай жақсы аяқтау үшін сабыр сақтап, бар күшімізді оқуға жұмсауымыз қажет. Балаға қаншалықты қиын екенін елестетіңіз, ұстаздар да қиналып жүр. Бәрін сынап, шағымдана беруге болады, бірақ, менің ойымша, Білім және ғылым министрлігі де, баспаханалар мен ақпарат платформалары да оқу материалын барынша тегін қамтамасыз етті. Енді оқу процесін қосымша кедергі тудыратын факторларға душар етпеуіміз керек. Ал стресс, байбалам салу, негізі жоқ сын — кедергі болатын басты факторлар. Сондықтан Edu Stream оқу орталығы әлеуметтік желідегі парақшаларында «Мен үйден оқимын» (#менүйденоқимын #menuideoqimyn) атты челендж бастамақшы. Мақсатымыз — балаларды қолдау. Осы нәрсе балаларға психология жағынан көмек болып, шабыттандырса, оларға тек жақсы іс-әрекетіміз үлгі болса дейміз. Сонда олар үшін қашықтан оқыту түкке тұрмайды.

— Әңгімеңізге рақмет!

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Saikat Kumar)