Жадыра Төлеген, Түркістан облысы Қоғам ауылындағы Сейітқасым Әшіров атындағы орта мектептің 7-класс оқушысы:

онлайн оқыту
Жадыра Төлеген. Фото жеке архивінен

1 сәуірде алғаш рет онлайн форматта сынақ сабақ өтті. Мектепке барып білім алғанға жетпейді, бірақ қашықтан берілген дәріс қызық болды. Біз алғашқы күні қазақ тілі мен алгебра пәнін WhatsАpp желісі арқылы оқыдық. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі ережелерді аудиожазбамен түсіндірді, сонымен бірге түрлі тапсырма берді. Біз ол тапсырмаларды орындап, суретке түсіріп, мұғалімге жіберіп отырдық. Алгебра пәнін онлайн оқитынымызды естігенде кластастарымның бәрі «Күрделі есепті қалай шығарамыз? Олай оқи алмаймыз» деп ойлады, дегенмен кейін бір үйреніп алған адамға қиын болмайтынын түсіндік. Математика пәнінің мұғалімі жаңа тақырып пен есепті видеобайланыспен түсіндірді. Біз шығарған есептерімізді суретке түсіріп жібердік. Әр сабақ шамамен 20-30 минут болды.

Күнде қолданып жүрген WhatsАpp арқылы оқыған соң қиын болған жоқ. Басқа да қосымша ресурстармен оқысақ екен деймін.

Шәкәрім Сейсенбай, Нұр-Сұлтандағы №54 орта мектептің директоры:

онлайн оқыту
Шәкәрім Сейсенбай. Фото жеке архивінен

Нұр-Сұлтандағы №54 мектеп Google Drive, пошта сияқты Google-дің қосымшалары арқылы қашықтан оқыту әдісіне көшті. Мұғалімдер Kundelik.kz сайты арқылы оқушылармен кері байланыс орнатып отыр. Әр пәннің мұғалімі сабағына қажет болған жағдайда Білім және ғылым министрлігі ұсынған Daryn.online, Zoom.us, Bilimland.kz сайттарындағы материалдарды қосымша ақпарат ретінде қолданады.

Қашықтан оқыту әдісіне көшпес бұрын оқушыларға керек құрал-жабдықты түгендедік. Біздің мектепте балалары оқитын 50 отбасының компьютері жоқ болып шықты. Оларға мектептің компьютерлерін пайдалануға беріп жатырмыз. Үйінде компьютері жоқ мұғалімдерге мектепте қолданып жүрген компьютерін үйіне алып кетуге рұқсат бердік.

Аршидин Хошниязов, ата-ана:

Менің ұлым Жаркенттегі Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп-гимназияда 1-класта оқиды. 1 сәуір күні бірінші рет сабағын қашықтан оқыттық. Ұлымның класс жетекшісі Kundelik.kz сайтына тапсырмаларды жүктеп қойған екен. Балам сол жердегі жаттығуларды дәптеріне орындады. Баланың сабақ оқып жатқан сәті мен дәптердегі тапсырмасын суретке түсіріп, WhatsАpp-пен мұғаліміне жібердік. Кітаптағы мәтінді қалай оқығанын аудиожазбаға басып, жөнелттік. Сабақ барысы қиын болған жоқ, бірақ мұндай жағдайда бала өз бетімен оқи алмайтыны қынжылтады екен. Кешке жұмыстан келген соң тапсырманы баламен бірге орындауға тура келеді. Сабақ барысына қарағанда баланың және өзіміздің атымыздан логин ашып, оны түрлі сайтқа тіркеу қиын болды. Логинді сайтқа тіркейін десем, жүйе өздігінен шығарып жіберді. Осылайша екі логинді тіркеуге 2 сағатым кетті. Әріптесім де қызының логинін тіркегенде дәл осындай қиындыққа тап болғанын айтты.

қашықтан оқыту
Арнур Аршидинұлы. Фото жеке архивінен

Меніңше, мұндай қиындықтың себебі — сол күні Қазақстанның барлық оқушысы сайтты бір мезетте қолданған болуы керек. Оның үстіне, бұл жүйені бәріміз алғаш рет пайдаланып отырмыз. Оның қыр-сырын білмейміз. Бір үйреніп алсақ, ары қарай бәрі жеңіл болатынына сенімдімін.

Қаршыға Орынбаева, Алматыдағы №14 орта мектептің бастауыш класс мұғалімі:

онлайн оқыту
Қаршыға Орынбаева. Фото жеке архивінен

6 сәуірден бастап сабақты онлайн өткіземіз. Қазір мұғалімдер бұл әдіске көшу үшін қызу дайындалып жатыр. WhatsApp желісінде әр пәнге жеке чат ашылды, оған барлық оқушыны қостық. Онлайн білім беруге мүмкіндік беретін Zoom.us, Bilimland.kz сияқты бірнеше сайтқа оқушыларымызды тіркеп қойдық. Мен Bilimland.kz ресурсының сабақтары ескі бағдарлама бойынша жасалғанын байқадым. Сондықтан бұл жүйе бізге тиімсіз деп ойлаймын. Сонымен қатар әдеттегідей Kundelik.kz сайтымен жұмыс істейміз.

Бұрын Қазақстанның мектептерінде сабақ онлайн өтпеген, сондықтан оқу барысы қиын болуы мүмкін. Мысалы, мен 1-класс оқушыларына дәріс беремін. Олар өз бетімен сайтқа кіре алмайды. Мұндай жағдайда оқушыларға міндетті түрде ата-анасының көмегі керек, бірақ бір қызығы, ол уақытта ата-ананың көбі жұмыста болады. Сондықтан сабақ барысы қалай болатыны әлі белгісіз.

Әр балаға хабарласып, онлайн сабаққа қажет құралдары бар-жоғын сұрастырдық. Смартфон, компьютер, ноутбук көбінде бар екен. Дегенмен бір ғана ұялы телефоны бар отбасылар да кездесті.

Рауан Кенжеханұлы, Bilim Media Group компаниясының директоры:

онлайн оқыту
Рауан Кенжеханұлы. Фото жеке архивінен

Кейінгі мәлімет бойынша дүниежүзінде 1 миллиард 200 миллион адам қашықтан білім алуға көшкен. Карантин жағдайына байланысты еліміздегі мектептер IV тоқсанды қашықтан оқиды. Бүгінде елімізде 3 миллион оқушы мен 500 мыңдай студент осы онлайн технологияны қолдануға мәжбүр. Әлеуметтік желілерде «Біз бұған қаншалық дайынбыз?», «Осындай әдіспен оқытуға қажет материалдар бар ма?» деген сұрақ көп қойылып жатыр. Bilim Media Group тобы осы мәселемен 10 жылдан бері айналысып келеді. Қазіргі жағдайға байланысты Bilimland.kz сайтындағы 40 мың электрон сабақты барлық қолданушыға тегін ұсындық.

Bilimland.kz онлайн мектебіне Қазақстанның барлығы 7000 мектебі қосылған. Оқушылар мен мұғалімдер сайтқа үйінде отырып, өзінде бар кез келген құрал арқылы еркін кіре алады. Онда бастауыш пен жоғары кластың барлық пәні, инклюзив мектеп, ағылшын тілі, француз тілі, неміс тілі, виртуал зертхана бойынша материалдар бар. Ақпарат жазбаша, аудио және видео түрінде дайындалған. Бұл жүйе қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жұмыс істейді.

1-11-кластарға арналған 60 сағаттан тұратын жеке-жеке бағдарламалар жасалған. Бастауыш мектеп оқушыларына ақпаратты қабылдау жеңіл болуы үшін сабақты анимация фильм форматында жасадық. Мысалы, әр видеосабақтың ішінде балалармен бірге ойнайтын және оқитын виртуал дос болады. Математика, физика, химия сияқты пәндердің бағдарламасы шетел ғалымдарының зерттеуіне сүйеніп жасалды. Мысалы, бастауыш мектептің математика пәнінің жаттығулары финн ғалымдарының математика оқулығы негізінде дайындалды. Мұғалімдер мен ата-аналарды сайт бағдарламасымен танысуға, оны тегін қолдануға шақырамын.