Дүниежүзіндегі және Қазақстандағы дағдарысқа қарсы стратегиялар

Бұл қысымға шыдамаған ғалам экономикасы тұралап қалды. Вашингтондағы Халықаралық қаржы институтының (IIF) мәліметі бойынша АҚШ, еуроаймақ және Жапония экономикасының өсу қарқыны баяулаған. Бұл мемлекеттерге дүниежүзі ЖІӨ-нің 15,1%, 11% және 4% тиесілі. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес биыл ҚХР экономикасы бар болғаны 3,5% (2019 жылы 6,1%) өсім көрсетпек, бұл Қытай экономикасы үшін 1990 жылдан бергі ең төмен өсу көрсеткіші. Азия даму банкінің бағалауына сенсек, дүниежүзіндегі баяу экономикалық өсім мен құлдыраған мұнайдың дүниежүзі нарығындағы бағамы 2020 жылы Қазақстанның ЖІӨ-нің өсуін 1,8% төмендетеді.

Бүгіннің басты мәселесі — туындаған дағдарыс салдарын бағамдау. Қазірдің өзінде сарапшылар 2020 жылдағы жаһандық ЖІӨ-нің өсімі 1-2% деңгейінде болады деп отыр. Дегенмен дағдарыстың қаншалықты терең әрі созылмалы боларын алдағы уақытта зерделеуге тура келеді. Көп мәселе дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономиканың құрылымдық өзгерісіне тәуелді болмақ.

Қалыптасқан жағдайға қатысты дүниежүзі мемлекеттерінің үкіметтері ұлттық ерекшелік пен қолда бар ресурстарды есепке ала отырып, түрлі дағдарысқа қарсы іс-қимыл стратегияларын қабылдап жатыр. Жер-жаһанда бұрын соңды болмаған ауқымда ұлттық экономиканы және қызметтік белсенділікті қолдау шаралары қабылданып жатқанын көріп отырмыз.

Дағдарысқа қарсы АҚШ, ҚХР, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея және жекелеген Еуропалық Одақ елдері қолға алған экономикалық іс-шараларға қарап, барлығы COVID-19 салдарымен күресте мемлекеттік шығындарды арттырып жатқанын атап өтуге болады. Мәселен, АҚШ-та экономиканы қолдау жөніндегі фискал-монетар шаралардың жиынтық көлемі шамамен 6,2 триллион доллар болды. Бұл — ел ЖІӨ-нің 30%-іне жуық қаражат. Жапонияда қолдау шараларының жалпы көлемі ел ЖІӨ-нің 10%-іне шамалас болды. ЕО елдерінің дағдарысқа қарсы шаралар ауқымы ЖІӨ-нің 8-20% көлемінде болды, мысалы, Грекияда 8%, Германияда 20%.

Біздің елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 наурыздағы тапсырмасына сәйкес дағдарысқа қарсы шараларға жалпы сомасы 4,4 триллион теңге (10 миллиард доллар) қаржы бөлінді. Бұл — еліміздің ЖІӨ-нің шамамен 10 %-і (ЖІӨ-нің мәні 2019 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша).

Дүниежүзі COVID-19 салдарымен күресте қолға алған шаралардың бірі — экономиканы монетар ынталандыруды күшейту. Нарықтың өтемді болуын қамтамасыз ету үшін орталық банктер өзінің процент мөлшерлемелерін төмендетіп отыр. АҚШ пен ЕО елдерінде процент мөлшерлеме нөлге дейін түсті (0-0,25%). ҚХР-да міндетті қор нормативі (RRR) барлық бағытта 0,5 процент мөлшерге қысқартылып, ұзақмерзімді өтімділігі қамтамасыз етілетін 800 миллиард юань шығарылды. Оңтүстік Кореяда ең төменгі мөлшерлеме 1,25%-тен 0,75%-ке қысқарды.

Елімізде өткен айдың басында ішкі және сыртқы тәуекелдер балансын сақтау мақсатында базалық мөлшерлеме 12% өскен еді. Дегенмен ҚР Ұлттық Банкі 3 сәуір күні бұл жылдық мөлшерлемені 9,5% төмендетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына 1 триллион теңге және ШОБ-ті жеңілдетілген кредитпен қамтамасыз ету мақсатында 600 миллиард теңге бөлінген тұста базалық мөлшерлеменің төмендетілуі ұлттық экономиканың жандануына жол ашады.

Дағдарысқа қарсы белсенді әрекет ету шараларының қатарына үкіметтер қолға алған салықты азайту, оны шегеру немесе салықтық каникул беру, сақтандыру төлемдерін азайту және т.б. секілді түрлі фискал шараларды жатқызуға болады. Мысалы, ҚХР-да үш жыл аралығында (2020-2022 жж.) логистикалық компаниялардың тауарын сақтауға арналған қалалық жер телімдерін – 6 мың шаршы метрден көп аумақты алып жатқан қоймаларды пайдалану салығы екі есеге дейін төмендетілді. Ұлыбританияда қонақүй, ойын-сауық және бөлшек сауда секторындағы құны 51 мың фунт стерлингтен жоғары субъектілердің коммерциялық қызметіне салынатын барлық салық түрі алып тасталды. Францияда шағын және орта бизнес өкілдері коммунал төлемдерден босатылды.

Елімізде Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдауды көздейтін дағдарысқа қарсы екі бірдей ауқымды шаралар пакетін жария еткен болатын.

Алғашқы шаралар аясында ШОБ-қа қатысты барлық салық түрінің төлемі және өзге де міндетті төлемдер үш айға шегерілді, бұл жағдайда өсімақы мен айыппұл салынбайды. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарға және квазимемлекеттік мекемелерге 20 наурыздан бастап үш айға өздеріне тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалдап отырған ШОБ субъектілерінің жалдау құнына қатысты төлемін тоқтата тұру туралы тапсырма берілді.

31 наурызда Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы шаралардың екінші пакетін жариялады. Онда шағын және орта бизнесті қолдаудың елеулі қосымша шаралары қамтылған. Атап айтқанда, осы дағдарыстан ең ауыр зардап шеккен экономика секторларындағы ШОБ субъектілері 6 айға дейін (биыл 1 қазанға дейін) еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылды. Бұл шара дағдарыс уақытында азаматтардың кірісін сақтап қалуға бағытталып отыр.

Сонымен бірге алдын ала сатып алу тетігін енгізу туралы тапсырма берілді. Оған сәйкес жергілікті атқарушы органдар мен Үкімет отандық ауыл шаруашылығы қожалықтарының және өңдеуші кәсіпорындардың өнімдерін 6 айға алдын ала кепілді сатып алуды жүзеге асыруға тиіс. Сонымен бірге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы еліміздің фермерлері 70 миллиард теңгеге жеңілдетілген несие (5% мөлшерден жоғары емес) ала алады. Аталған шаралар шағын және орта шаруа қожалықтарын қолдауға әрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Осылайша, қазақстандық дағдарысқа қарсы шаралар стратегиясы заманауи жаһандық экономикалық трендтерді есепке алу арқылы қолға алынып отыр деп айта аламыз. Проактивті сипатқа ие қазақстандық стратегия «қос ілмек» қағидасы бойынша іске асып жатыр. Бұл дегеніміз — дағдарысқа қарсы шаралар туындаған мәселелерді еңсеруге ғана емес, сол сияқты еліміздің ұзақмерзімді даму стратегиясының тұрақты жүзеге асуын қамтамасыз етуге де бағытталған. Осы орайда дағдарысқа қарсы шаралардың жүйелілігін және жеделдігін атап өткен орынды. Өйткені бұл қазіргі қалыптасқан қиын жағдайда аса маңызды болып есептеледі.

Жанна Кәрімова,

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ 

әлеуметтік-экономикалық зерттеулер

бөлімінің жетекшісі