Президент коронавирустан қайтыс болған азаматтың отбасына көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясынан қайтыс болған азаматтың отбасына көңіл айтты.

64 жастағы әйелдің коронавирустан қайтыс болуы бұл індеттің аса қауіпті әрі карантинді сақтау өте маңызды екенін көрсетеді. Туған-туыстарына көңіл айтамын, — деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-парақшасында.

Президенттің айтуынша, бұл жағдайдан сабақ алуымыз керек.

Елорда мен Алматыда карантин шараларын күшейтіп, Шымкентте шектеулер енгізу жөнінде шешім қабылданды. Осындай қажет шара қолдануға мәжбүрміз. Эпидемияны бәріміз бірге жеңеміз. Одан сабақ алып, тиіс қорытынды жасаймыз, — деп жазды Президент.

Қайтыс болған азамат — Ақмола облысының тұрғыны. Пациент Нұр-Сұлтандағы көппрофильді облыстық ауруханада емделген.

Қайтыс болу себебі — екіжақты өкпенің тұтас қабынуы, тыныс жетіспеушілігі, қант диабеті фонындағы сепсис, гипертония және атеросклероз. Өкпесінің қабыну себебі — коронавирус, — деп хабарлады Coronavirus2020.kz сайты.

Бұл жағдайға қатысты 27 наурызда брифинг өтіп, тағы түсіндіріледі.

26 наурызда Қазақстанда коронавирус инфекциясынан бір адам қайтыс болған еді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады.