4 сәуірде коронавирус инфекциясынан Түркістан облысы Жетісай ауданының 1956 жылғы тұрғыны қайтыс болған.
Облыстың денсаулық сақтау саласының басшылары онлайн брифингіде бұл дерекке қатысты нақты ақпарат берді. Өңірдің бас санитар дәрігері Нұрбек Нышановтың мәліметінше, науқас Алматы облысының Қарасай ауданында бір ай қонақта болып, 15 наурызда оралған. 26 наурызда ауруханаға түскен, бірақ Алматы облысында болғанын жасырған. Коронавирус жұқтырғаны расталғаннан кейін ол жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды. Ол қант диабетімен ауырған. Қолданылған емге қарамастан науқас көз жұмды.
Қазір марқұммен тығыз қарым-қатынаста болған 25 адам мен байланыс жасауы мүмкін тағы 40 адам анықталып отыр.
Түркістан облысында барлығы 23 адамның коронавирус жұқтырғаны расталды.
Жетісай ауданында 11, Кентауда екі, Арыста бір, Ордабасы ауданында бір, Сарыағаш ауданында бір, Мақтаарал ауданында төрт, Сайрам ауданында екі адамнан вирус анықталды. Олар бұған дейін COVID-19 жұқтырған науқастармен байланыста болған. Қазір дәрігерлер бұлармен қарым-қатынас жасағандарды анықтап, оқшаулауға кірісті, — деп хабарлады мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.
Өңір мамандарының айтуынша, науқастардың біреуі ауруды Нұр-Сұлтаннан, біреуі Алматы облысынан жұқтырып әкелген, қалғаны осы облыс аумағында жұқтырып отыр.
Қайтыс болған науқастан басқалардың бәрінің жағдайы қанағаттанарлық деңгейде, — деді облыстың бас санитар дәрігері Нұрбек Нышанов.
Қазір Түркістан облысында шектеу шаралары күшейтілді. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, тұрғындар енді үйден тек азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға немесе жұмысқа бару үшін шығуы керек.
Еске салайық, бұған дейін Нұр-Сұлтанда, Ақмола облысында және Қарағанды облысында коронавирус инфекциясынан бір-бір адамнан қайтыс болған еді. Қазіргі мәлімет бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғаны анықталғандардың саны 500-ге жетті.