Дәурен Абаев Президент тапсырмалары қалай орындалатынын айтты

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты.

Үкімет Президент тапсырмаларын іске асыру жоспарын әзірлеп жатыр. Ол дайын болған кезде әр жауапты орган өз бағыты бойынша толық мәлімет береді, яғни мемлекет көмегін қалай, қай жерде және қандай тәртіппен алуға болатыны жөнінде нақты нұсқаулық беріледі. Қазір бұл механизмдер пысықталып жатыр. Үлгермей қаламыз деп уайымдамау керек, барлық адамға көмек беріледі, — деді Дәурен Абаев.

Министрдің мәліметінше, мемлекет дағдарысқа қарсы шараларға бөлек, коронавируспен күрестің өзіне бөлек қаражат бөліп отыр. Үкімет резервінен пандемиямен күреске осымен үш мәрте қаржы бөлінген: 29 қаңтарда 1 миллиард 609 миллион 620 мың теңге, 21 ақпанда 428 миллион 227 мың теңге, 25 наурызда 21 миллиард 430 миллион 635 мың теңге. Сонымен бірге коронавирус жұқтырғандарды емдеумен айналысып жатқан медицина қызметкерлерінің жалақысына үстемеақы қосу үшін де қаражат бөлінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыз күні республикалық телеарналар эфирінен мәлімдеме жасаған еді. Президент төтенше жағдай режимі кезінде ел азаматтарын әлеуметтік жағынан қолдау үшін бірнеше бағыттан тұратын жаңа шараларды жария етті.