Атырауда да карантин режимі: қалаға кіріп-шығуға тыйым салынады

Атырау облысы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылдың 29 наурызындағы №8 қаулысы бойынша 2020 жылдың 30 наурызында сағат 00.00-ден бастап Атырау аумағына карантин жарияланады, — делінген хабарламада.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 30 наурыздан бастап Атырауға кіруге және одан шығуға, сонымен қатар қоғамдық көлік жұмыс уақытына шектеу қойылады. Қызмет көрсету секторының қызметі (сұлулық салондары, моншалар және тағы басқа) тоқтатылады, балабақшалар, базарлар, сауда орталықтары мен маңызды тауарларға қатысы жоқ сауда нүктелері жабылады, бірақ сауда орындарында тауар жеткізу қызметі жұмыс істейді.

Азық-түлік базарлары мен дүкендер, дәріханалар, қала шаруашылығы, жөндеу, тазалау және зарарсыздандыру қызметтері шектеусіз жұмыс істейді. Әкімдік азаматтардың әлеуметтік желілердегі өтінішін бақылайды, оларға «109» сенім телефонымен жауап береді.

Қазір Атырау облысында коронавирус жұқтырған алты науқас анықталып отыр.

Карантин режимі бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматыда енгізілді, 30 наурыздан бастап Қарағанды, Шахтинск, Саран, Теміртау мен Абай да жабылады.