Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев хабарлады.

Қорғаныс министрлігінің жаңалығын ерекше атап өткім келеді. Төтенше жағдай енгізілуіне байланысты 2019 жылы көктемде әскерге шақырылған азаматтарды босату тоқтатылады. Сол сияқты әскерге шақыру да уақытша тоқтатылады, — деді министр.

Дәурен Абаев журналистердің карантин режиміне қатысты сауалдарына жауап берді.

Бізден Нұр-Сұлтандағы провизор орталығында қанша төсек-орын бар екенін сұрайды. Нұр-Сұлтанда барлығы 840 провизорлық төсек бар. Қажет болғанда қосымша төсек-орын қойылады, — деді ол.

Министр карантин тәртібінен бас тартқаны үшін жауапкершілікке тартылып отырған азаматтар туралы хабарлады.

Төрт дерек бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабымен («Санитария қағидалары немесе гигиена нормативтерін бұзу») сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын кеше хабарлағанбыз. Түркістан облысында жергілікті тұрғын жауапқа тартылып жатыр, ол ауруханадан қашып кеткен. Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғаны расталған әйел өзімен баййланыста болған азаматтардың мәліметін беруден бас тартты. 21 наурызда Көкшетауда бір дерек тіркелді — Минскіден келген азамат карантин рәсімдерінен өтуден бас тартқан, — деді Дәурен Абаев.