Ресейде коронавирус жұқтырғандар арасында алғашқы өлім тіркелді

COVID-19 ахуалын бақылау жөніндегі шұғыл штабқа сілтеме жасаған «РИА Новости» агенттігінің хабарлауынша, науқастың өліміне екінші типті қант диабеті, күретамыр қысымының көтерілуі, жүрекке қан апаратын тамырға стент орнатылғаннан кейінгі жағдай, жүректің ишемия ауруы, атеросклероз, өкпе қысымының созылмалы көтерілуі, несеп-тас, ми-тамыр аурулары сияқты бірнеше фактор әсер еткен.

Науқас 13 наурызда ауруханаға жатқызылған, туыстарының өтініші бойынша бір күннен соң жеке клиникаға ауыстырылған. Коронавирус инфекциясы анықталғаннан кейін ол №2 жұқпалы аурулар ауруханаға жатқызылған. Ауруханада тынысы тарылып, реанимацияға түскен.

Әйелдің жақын туыстары дәрігерлердің бақылауында, олардан коронавирус белгілері анықталмаған.

Кейінгі мәлімет бойынша Ресейде коронавирус инфекциясын барлығы 147 адам жұқтырған, оның бесеуі айықты. Дүниежүзі бойынша бұл инфекцияны 219 мыңға жуық адам жұқтырған, 8 800-ден астам пациент қайтыс болды, 84 мыңнан астам адам аурудан жазылды.