Мақпал Қопанова, Италия:

Мақпал Қопанова
Мақпал Қопанова. Фото жеке архивінен

Италияда дәл қазір жағдай ушығып тұр. Үйден шықпаймыз, ешқайда бармаймыз. Балалар 10 күннен бері үйде отыр, өйткені 6 сәуірге дейін оқушылар сабаққа бармайды, бірақ бұл жағдай мамырға дейін жалғасатын сияқты.

Менің ойымша, бұл өмірдегі ең сұмдық жағдай сияқты. Бастапқыда Италиядағы адамдар «Қытай қайда, біз қайда?» деп ойлады. Италияда коронавирус тіркелгенде де елдің солтүстігінде, оңтүстігінде тұратындар, Миландағы азаматтар жайбарақат жүрді. Бірақ екі науқастан ғана табылған вирус қазір Италиядағы мыңдаған адамның өмірін қиды.

Италияда қазір көшеге жайдан-жай шыға алмайсыз, тек тамақ пен дәрі-дәрмек сатып алу үшін шығуға болады. Онда да полиция тоқтатады. Күні кеше супермаркетке бара жатқанда өзімді полиция екі рет тоқтатып, қайда баратынымды сұрады. Көшеде бейберекет жүрсеңіз, айыппұл төлейсіз. Өйткені көшеге шықпау туралы заң бар. Қазір ешкіммен сөйлеспейміз, амандаспаймыз. Адамдармен алыстан сөйлесеміз. Балалар түгілі, өзім үйге сыймай кеттім. Кеше үйдің бәрін тазалап, терезелерді жуып шықтым. 3 апта бойы енді немен айналысарымызды білмеймін.

Қазақстандағы халық мұндайды басына түспейінше түсінбейді. Сол себепті қазірден айтарым — бетперде тағып, тазалыққа мән беру керек. Италия халқы да «бетпердені жабайы адамдар сияқты неге тағамыз», «өзге адамдарды шошытпайық» деді. Ал қазір бетпердесіз, медицина қолғабынсыз көшеге шығу қауіпті. Бетпердені әуелі өзіңізді қорғау үшін тағуыңыз керек.

Руслан Меделбек, Чехия:

Руслан Меделбек
Руслан Меделбек. Фото жеке архивінен

Чехия Қытай мен Кореяның тәжірибесінен кейін жағдай ушықпай тұрғанда жаппай карантин жариялады. Карантин 15 наурыз күні 23.00-ден бастап 24 наурызға дейін жалғасады. Бұған дейін карантин жарияланбады, кафе-мейрамхана жұмысына ғана тыйым салынды, бірақ адамдар құлақ аспағаннан кейін Чехия билігі осындай шешім қабылдады. Көшеге енді тек азық-түлік пен дәрі алуға немесе жұмысқа бару үшін шығу керек.

Көп жұмыс орны қызметкерлеріне кеңседе емес, үйде жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Прагада туристер өте аз. Әдетте олар көп жүретін орындар қазір бос тұр, ешкім жоқ. Дүкенге барғанда адамдар бір-бірінен 2 метр алыс тұруы керек. Қалалар арасында жүретін автобустар да тоқтады. Мектепте, жоғары оқу орындарында сабақ болмайды.

Чехияда қоғамдық көлік қозғалысына тыйым салынған жоқ, әлі жүріп жатыр. Бұрын түсетін аялдамаға жеткенде түймені басқанда ғана есік ашылатын, ал қазір есік автомат түрде ашылады. Азық-түлікті 3 күн бұрын сатып алдым, бірақ ажиотажды байқамадым. Чехия Үкіметі азық-түлік қоры бірнеше айға жетеді деген мәлімдеме жасады. Соған қарамастан дүкендерде жеміс-жидек, көкөніс, ет өнімдері тез өтіп жатқаннан кейін дер кезінде орнын толтырып үлгермей жатыр деп естідім. Дәріханаларға тек бес адамнан кіреді, қалғаны сыртта күтеді. Көп жерде бетперде мен антисептик жоқ, бітіп қалған, бірақ кеңселерге санитайзерлер қойылған.

Қазіргі жағдайда Чехияда коронавирус жұқтырғандар саны 280-нен асып кетті. Оның көбі мен тұрып жатқан Прагада тіркелді. Көп адам инфекцияны Италиядан жұқтырып келген, бірақ қазір адамдардың ауруды кімнен жұқтырғанын нақты анықтау мүмкін болмай кетті деп жатыр.

Өз басым Чехия азаматтарының азиаттарды жақтырмай, олардан қорқып немесе аларып қарғанын байқаған емеспін. Өйткені мұнда Bьетнамнан, Қытайдан, Кореядан келген студенттер өте көп. Сол себепті жергілікті халықтың көзі үйреніп кеткен.

Әсел Сарқыт, Түркия:

Әсел Сарқыт
Әсел Сарқыт. Фото жеке архивінен

Түркия коронавирусқа байланысты сақтық шараларын біртіндеп қолға алып жатыр. 17 маусымға дейін коронавирус өршіген 14 елге әуе жолын жапты. Иран, Грузия сияқты көрші мемлекеттермен де шекарасы жабылды.

Мен Анкара Хаджы Байрам Вели университетінде білім алып жатырмын. Бұл жақта да бетперде мен дезинфекция гелінің бағасы көтерілді. Бір бетперденің құны — 4 лира (250 теңге), 50 миллилитр гель — 9,5 лира (600 теңге). Бірақ қорғаныс құралдары көп дәріханада жоқ. Бір қызығы — дәріханалар әлі күнге дейін сенбі, жексенбі күндері жұмыс істемейді.

16 наурыздан бастап оқушылар 1 апта, ал студенттер 3 апта демалысқа шықты. Түрік студенттерінің көбі үйіне кетті, жатақхана босап қалды. Алғашында аса қатты үрейленбеген едік, бірақ 15 наурызда 04.00-де қаланың шеткі бөлігіндегі жатақханада тұратын қыздарды біздің жанымызға апыр-топыр көшірді. Ресми дерек бойынша босаған жатақханаға Ұмра қажылығынан келген 10 мыңнан астам адам карантинге жатқызылыпты. Осы жағдайдан кейін қорқыныш үдей түсті.

Қазақстан студенттері де біртіндеп елге кетіп жатыр. Өзім елге бармаймын. Өйткені Анкарадан Алматыға тікелей рейс жоқ, бәрі Ыстамбұл арқылы ұшады. Вирус жұқтыру және оны тасымалдау қаупі жоғары болған соң тәуекел етпедім. Оған қоса, демалыстан соң Қазақстаннан Түркияға оралсам, 14 күн карантинге жатқызуы мүмкін.

Қазір жатақханадамын. Көшеге көп шықпауға, қоғамдық көлікке мінбеуге тырысамын. Оларға әр рейс сайын дезинфекция жасалады. Кітапханалар, сауда, ойын-сауық орталықтарындағы балалар алаңы да жабылды.

Түркияда коронавирус анықталғаннан кейін түрі азиатқа ұқсас адамдарға қысым күшейді. Метрода жанымызға отырмауға, жақындамауға тырысады. Көшеде көрсе, аузы мен мұрнын киімімен жауып өтеді, тіпті балалардың өзі бізді көргенде «корона» деп айғайлайтын болды. Бәрінен ауыр тигені — осы надандық. Ошағы Қытай болса да, вирус ұлт, статус, жас таңдамайды ғой.

Арай Жеңіс, Малайзия:

Шетелде оқу
Арай Жеңіс. Фото жеке архивінен

Қазір Куала-Лумпурда тұрып жатырмын. 18 наурыздан бастап 31 наурызға дейін елдегі қоғамдық орындар жабылады, мектептер мен жоғары оқу орындарында да сабақтар болмайды.

Коронавирус алғаш анықталғанда дүрлігу болды, адамдар жаппай бетперде таға бастады, сол себепті қорғаныс құралы лимитпен сатылды. Ал қазір адамдар үйреніп кетті. Бүгін сыртқа шықтым, кезіккендердің бірен-сараны ғана бетперде таққан.

Мен Куала-Лумпурдың орталық бөлігінде оқимын. Онда адамдар көп шоғырланған, туристер де ылғи сонда жүреді. Әрине, қаланың бұл бөлігінде адамдар бетперде тағады. Қандай да бір ғимаратқа кірерден бұрын температураны міндетті түрде тексереді. Егер адамның температурасы 37-ден жоғары болса, сәл күтуін өтінеді. Өйткені Малайзияда күн ыстық, сол себепті адамның температурасы жоғары болуы мүмкін. 5 минуттан соң қайта өлшегенде бәрі дұрыс болса, сонда ғана ғимаратқа кіргізеді.

Дүниежүзіне коронавирус тарағалы бері мұнда синофобияны немесе шетел адамдарына деген дискриминацияны байқамадым. Дегенмен Қытайдан келген тауардан шошып жатады. Халықтың жаппай азық-түлік пен басқа да тауарды сатып алып жатқанын көрдім, бірақ сөрелерде тауар бітіп жатқанын байқамадым.

Отбасым, достарым Қазақстанда тұрады. Олар «байқап жүр», «азық-түлік сатып ал» деп байбалам салып жатыр. Ал мұндағы адамдар сабырлы, жайбарақат жүр. Сол себепті ондай ажиотаж жасағым келмейді.

Өзім бір аптадан бері тұмауратып жүрмін, ыстығым көтеріледі, жөтелемін. Тәтті тағамдар жеп, ауруымды асқындырып алдым. Жақында мен тұрып жатқан үйдің иесі «жайсызданып жүр екенсіз, үйіңіздегі адамдар айтты» деп хабарласты. Оған бәрін түсіндіріп айттым. Сол себепті адам көп жүретін орындарда жөтелмеуге тырысамын, өйткені жаныңда тұрғандар бірден шошиды, бірақ бұл нәрсе қазір дүниежүзінің барлық елінде бар шығар деп ойлаймын.

Дос Тұрғанбаев, Ресей:

Дос Тұрғанбаев
Дос Тұрғанбаев. Фото жеке архивінен

Мәскеудегі Ресей халықтар достығы универсиетінде оқып жүрмін. Мұнда аса дүрлігу байқалмайды. Қытай мен Ираннан және Еуропа елдерінен келген азаматтар карантинге жатқызылады.

Халық бетперде тағып жүрмейді, өйткені көбі қорғаныс құралы көмектесетініне сенбейді. Әр ғимаратқа қолға арналған антисептиктер қойылған, кіріп, шыққан сайын соны пайдаланып жүрміз.

Жоғары оқу орындарында сабақ өтіп жатыр. Бұған дейін тәулігіне бірнеше рет Қытайдан келгендердің температурасын тексеретін. Қазақстан қауіпсіздік үшін мені елге қайтарып алмақшы болды, бірақ осында қалатынымды айттым, себебі бəрі жақсы.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Vignesh Sevudoss)