Басты бетЖаңалықтарПрезидент Үкіметке...

Президент Үкіметке қандай жаңа тапсырмалар берді?

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңесте Премьер-министр Асқар Мамин ел экономикасына кері әсер ететін сыртқы факторларды азайтуға байланысты Үкімет қолға алған шараларды баяндады.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлем экономика мен геосаяси ахуалды қайта өзгертудің күрделі кезеңін бастан кешіп жатыр. Қазақстанның алдында мүлдем жаңа талаптар кезеңінде экономиканы орнықты даму режимінде сақтау міндеті тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуына қарсы күрес жөніндегі шешім ақталғанын және дер кезінде қабылданғанын, оның отандастарымыздың денсаулығын сақтауға бағытталғанын айтты.

Кеңесте Президент мынадай тапсырмалар берді:

  • коронавирустың таралуына байланысты кәсіпорындар мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің медициналық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қосымша шаралар қабылдау;
  • балаларына қарау үшін үйінде отыруға мәжбүр ата-аналардың біріне ақылы еңбек демалысын беру қажет екенін жұмыс берушілерге түсіндіру;
  • фискал механизмдер арқылы кәсіпорындарға қолдау көрсету шараларын қабылдау;
  • медициналық мекемелер мен азаматтарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін шұғыл шешу, медициналық нысандардың дайындығын тексеру;
  • мемлекеттік қызметшілер мен басқа да лауазымды тұлғалардың шетелге іссапармен баруына тыйым салу, азаматтарымыз бен еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сапарларға ғана рұқсат беру;
  • еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және бюджет шығындарына қатысты болжамды қысқа мерзімде қайта қарау;
  • бюджет шығындарын халықты жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағыттап, қайта қарау;
  • отандық өнім өндірушілерге басымдық бере отырып, тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алудың тікелей және ашық жүйесіне көшу;
  • отандық ірі кәсіпорындармен бірге өндірісті қолдау, кеңейту, жұмыс орындарын сақтау жөнінде дағдарысқа қарсы мақсатты жоспар әзірлеу;
  • отандық тауар мен жұмыс күшін пайдалана отырып, инфрақұрылымды жөндеуді, әлеуметтік нысандар мен жергілікті жол салуды көздейтін Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға кемінде 300 миллиард теңге бөлу;
  • бизнеске несие беру көлемін азайтпау жөнінде шаралар қабылдау;

Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдеріне азық-түлік пен қызмет түрлерінің бағасын бақылауды тапсырды. Ол мемлекеттік органдарды жекелеген тауарлардың сұранысына дүрбелең тудырмай, бос үрей мен алып-қашпа сөздің алдын алу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмысын белсенді жүргізуге, оның ішінде, әлеуметтік желілерге айрықша көңіл бөлуге үндеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздің азық-түлік қоры Қазақстан халқының қажетін толық қамтамасыз ете алады, тұтыну тауарларына қатысты ешқандай тапшылық болмайды.