Қасым-Жомарт Тоқаев Ақжарқын Тұрлыбайды елге әкелуге ықпал етеді

Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те хабарлады.

Қытайда сотталған Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбайды елімізге қайтару мәселесі бүгін бұқаралық ақпарат құралдарында тағы да талқыланып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев жақында елімізге сапармен келген Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті саяси бюросының мүшесі Ян Цзечимен әңгімелесу барысында Ақжарқын Тұрлыбайдың тағдырына қатысты мәселені тағы да көтергенін айта кеткен жөн, — деп жазды Берік Уәли.

Оның хабарлауынша, Қазақстан Президенті былтырғы қыркүйек айында Бейжіңге жасаған сапарында да ҚХР басшылығын Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне гуманизммен қарап, оны Қазақстанға қайтару мәселесіне ықпал етуге үндеген.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыртқы істер министрлігі мен құқық қорғау органдарына Қытайдағы әріптестерімен өзара іс-қимылдарды жалғастыруды тапсырды. Бұл іс Мемлекет басшысының тұрақты бақылауында, — деді баспасөз хатшысы.

Еске салайық, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырған еді.

Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурыз айында есірткі затын тасымалдады деген күдікпен Гуанчжоу әуежайында ұсталды. 2015 жылдың маусымында сот Қазақстан азаматын өмір бойы бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда 2016 жылдың мамыр айында үкімнің күші жойылып, іс сот талқылауына қайта жіберілді.

Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Зуһра Сейтімова Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдаған. Президент Әкімшілігі бұл хатты білетінін және мәселені қарастыратынын мәлімдеді.