Сағат 09.00. «Арыстан» базары. Саудагерлердің жұмысы қызу жүріп жатыр. Сатушы Рәбиға Мейрамбекқызының айтуынша, тұрғындар кейбір азық-түлік түрін әдеттегіден көп сатып алып жатыр, әсіресе ұн, күріш, макарон, сұйықмай сияқты өнімдерге сұраныс көп.

Коронавирус бізге жетуі мүмкін деген соң базарға келушілер көбейді. Сағат 10-нан бастап адамдар ығы-жығы болып кетеді. Таныстарымның айтуынша, Magnum-да кезекте тұрғандардың саны базардағыдан көп, — дейді саудагер.

Рәбиға Мейрамбекқызы қаладағы кей дүкеннің карантинге жабылғанын естіген, бірақ ол саудасын тоқтатпайтынын айтты. Себебі бұл — жалғыз күнкөріс көзі, дегенмен саудагер коронавирусқа қарсы жеке бас сақтығын күшейткен.

Күнде бетперде тағамын, тауарды целлофан қолғаппен ғана ұстаймын. Бізге де жан керек қой, — дейді сатушы.

базар
Фото: Наргиза Аршидин

Оның айтуынша, базарда күнде дезинфекция жасалып жатыр.

Тазалаушы қыз күнде хлормен бутиктің іші-сыртын тазалап жуып шығады, — дейді сатушы.

Көкөніс пен жеміс-жидек сатушы Ділбәр Қасымбетова халық арасында ешқандай дүрлігу байқалмайды деп отыр. Оның айтуынша, саудасы бұрынғы қалпымен жүріп жатыр. Коронавирусқа қарсы ешқандай шара қолданбайтынын да жасырмады.

Макарон түрлері көп өтіп жатқанын естідім, бірақ бізден ешкім жаппай сатып алып жатқан жоқ. Бәрі Алланың қолында. Алла адамның жанын аламын десе, алады, — дейді сатушы.

базар
Фото: Наргиза Аршидин

Студент Сәния Алпысбай базардан күріш пен үрмебұршақ сатып алды. Ол коронавирус инфекциясының таралуы жөнінде алаңдайтынын айтты.

Бір жағынан үйде тамақ бітті, сол үшін келдім. Екіншіден, карантин болуы мүмкін деген соң көбірек азық-түлік алайын дедім. Оның үстіне, адамдар баға да көтерілуі мүмкін деп жатыр, — дейді ол.

Базардағы сатушылардың айтуынша, азық-түлік қымбаттамаған.