Роза Есенқұлова, журналист, турагент:
Биыл Таиландқа, Мысырға, Сингапурға, Грекияға және Украинаға баруды жоспарлап отырмын, коронавирусқа байланысты саяхаттау жоспарымды өзгертпеймін. Өйткені жұмысым (іссапар, блогтур, медиатур, инфотур) туризммен тығыз байланысты.
2 аптадан кейін Таиландқа барамын деп отырмын. Әрине, бастапқыда қорқыныш болды. Ұйымдастырушылардан пресс-тур уақыты өзгермейтініне көз жеткізу үшін хабарластым. Олар жағдай әрі қарай қалай болатынын бақылап, шешім қабылдайтынын айтты. Қазір Таиландта коронавирус өршіп тұрған жоқ. Жуырда достарым Шри-Ланкаға кетті. Олардың айтуынша, ондағы жағдай да тұрақты, ешкім бетперде тақпайды, тіпті коронавирус туралы әңгіме де айтылмайды.
Менің ойымша, коронавирусқа қатысты көп нәрсе қолдан жасалған ажиотажға ұқсайды. Әрине, Қытайдан тараған вирус дүниежүзі бойынша экономикаға, туризмге, саудаға әсер етті. Бұл жағдай Қазақстандағы ғана емес, Ресейдегі, Италиядағы, Германиядағы туризмді де әлсіретіп отыр. Қазір Қытайға барудың қажеті жоқ. Ол жаққа баруды ешкімге үгіттемеймін. Оның үстіне, Қытайға баруға тыйым салынды, тур да сатылмайды. Турлар қашан сатылатынын да болжап айта алмаймын. Туроператорлардың айтуынша, биыл сәуір, мамыр айларында Алматыдан, Нұр-Сұлтаннан Хайнаньға ұшуға мүмкіндік болады, бірақ нақты ақпарат жоқ.
Ал басқа елдерге келсек, туристердің кейбірі саяхатқа аз уақыт қалғанда көп ойланды, олардың кейбірі турдан бас тартқысы келді. Бірақ заң бойынша сіз барғалы отырған елге мемлекет тарапынан тыйым болмаса, турды қайтара алмаймыз. 500 мың теңгеге тур сатып алдыңыз делік. Бірақ өз еркіңізбен сапардан бас тартсаңыз, төлеген қаржыңыздың бірнеше процентінен айырыласыз. Өйткені бұл әуе компанияларына, қонақүйлерге шығын келтіреді. Сол себепті айыппұл төлейсіз.
Қазақстан азаматтары Хайнаньға көп саяхаттайтын еді, өйткені бұл өте арзан тур болды. Қазір Қытайдағы коронавирусқа байланысты бұл тур жоқ. Қазір Мысырға сұраныс жоғары, елімізден күн сайын адамдар ұшады. 160-170 мың теңгеге барып келуге болады.
Ал Түркия Қазақстанда ең танымал бағыт болып есептеледі. Енді біз Ресей мен Түркияның арасындағы қақтығыстан қорқып отырмыз. Алда-жалда Түркияда коронавирус тіркелсе немесе соған байланысты қандай да бір қауесет шықса, Ресей журналистері оны өршітіп жіберуі мүмкін. Ал оны Қазақстанның ақпарат құралдары дұрыс тексермесе, туризмге кесірін тигізе ме деп ойлап отырмыз. Өйткені барлық туроператор Түркияға тур сатады.
Бәріміз коронавирустың әйтеуір бір күні тоқтайтынын біліп отырмыз. 1-2 айдың ішінде басылуы керек. Дүниежүзі мамандары коронавирусқа қарсы вакцина жасап жатыр. Ал саяхатқа бару-бармауды әркім өзі шешеді. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстарын да ескеру керек. Турагентпін, турымды сатуым керек, бірақ клиент сапардан бас тартса, оны қинамаймын, түсінуге тырысамын. Өйткені қазір өзі сондай дағдарыс болып тұр. Таиландқа барып келгеннен кейін өзімді «карантинге жауып тастамай ма екен» деп те қобалжып тұрмын.
Өркен Кенжебек, журналист, блогер:
Алдын ала жоспарлаған саяхаттарым коронавирусқа байланысты өзгерді. Кейбірінің уақытын ауыстырдым, кейбірінен мүлдем бас тарттым. Оның ішінде Сауд Арабиясы, Бахрейн, Оман мемлекеттері бар. Қазір Сауд Арабиясы 49 елдің азаматына виза беруден бас тартып отыр. Оның қатарына Қазақстан да кіреді.
Жуырда жұмыс бабымен Өзбекстанға барып келдім, онда 2 күн болдым. Қазақстанда коронавирус тіркелмеген соң бұл мемлекетке кіріп-шығу жағы оңай. Тек кедендік бақылау кезінде коронавирус өршіп тұрған мемлекеттерде болған-болмағаныңызды сұрайды. Мен Оңтүстік Кореяда болғанымды айтқанда сауалнама толтырып, кішігірім уақытымды алды, бірақ әрі қарай ешқандай проблема болған жоқ, бастысы — тепловизормен тексерілдім.
Сәуірде Еуропаға баруды жоспарлап едім, бірақ қазір мұнда жағдай ушығып тұр. Білуімше, Еуропаның тек 3-4 елінде коронавирус ресми тіркелген жоқ. Ал коронавирус тіркелмеген елдерге жоспарлаған сапарым өзгермейді. 22 наурызда Ыстамбұлға билет алып қойдым, онда міндетті түрде баруым керек.
Айнұр Ілиясова, актриса, тележүргізуші:
Бір апта бұрын отбасыммен Үндістанға барып, демалып келдім. Саяхаттау жоспарымызға өзгеріс енгізбедік. Ештеңеден қорыққан жоқпыз, сол себепті бас тартпадық. Өйткені турды, билеттерді дүниежүзінде коронавирус инфекциясы өршіп кетпей тұрғанда сатып алған едік.
Үндістандағы әуежайда коронавирустан сақтануды ескертетін стендтер тұрды. Онда коронавирус жұқтырып алған жағдайда қайда баруға болатыны жазылған. Гоа халқынан вирусқа қатысты ажиотаж, қорқу көрмедік. Туристердің Telegram-дағы чатында да коронавирус қаупі туралы ақпарат болмады. Бұған дейін Гоаға барған сайын жергілікті халықпен тең болу үшін бунгало немесе жергілікті виллаларды жалға алатынбыз. Бұл жолы балалармен барғандықтан төртжұлдызды қонақүйден бөлме жалдадық. Қонақүйде де жағдай қалыпты болды, ешкім дүрлігіп жатпады, дәрігерді де көрген емеспін. Қалада халық көп жиналатын орындар, бассейндер мен мейрамханалардың бәрі ашық болды. Ел іші тыныш болды.
Жазда Еуропа елдеріне баруды жоспарлап отырмыз. Әзірше қай елге, қай қалаға баратынымызды әлі нақты шешкен жоқпыз. Ол уақытқа дейін коронавирусқа қатысты жағдайдың қалай боларын білмейміз. Ахуал жақсарады деп үміттенеміз.
Меруерт Түсіпбаева, әнші, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
Гастрольмен, концертпен Қазақстанның түкпір-түкпірінде, шетелде жиі боламын. 2020 жылға жоспарлаған сапарым да көп. Олардың уақыты қалай өзгеретінін әзірше білмеймін, бірақ 8 наурызға байланысты елімізде концерттер өтпейтін болды. Бұл дұрыс. Өйткені жақында Нұр-Сұлтандағы концерттердің бірінде өнер көрсеттім. Менімен бірге 6-7 мың адам демалып тұрды. Сахнада тұрып коронавирус туралы ойладым. Осы концертке бару үшін ұшаққа билет алдым. Ұшақта бортсеріктер де, жолаушылар да бетперде тақпаған. Бортта 50-ге жуық адам болды, бетперде тек менде болды. Қазір адамдар әлеуметтік желілерде дәріханаларда бетперде жоқ екенін жазып жатыр. Бұл — алаңдайтын нәрсе.
Қазақстанда коронавирус жоқ екені айтылып жатыр, бірақ кейбір елдер біздің елдің азаматтарына виза беруден бас тартып, кіруге тыйым салып жатқанын білесіздер. Бұл жағдай мені қатты алаңдатып отыр. Адамдар күнделікті өмірде және саяхат кезінде сақтық шарасын ұстанғаны жөн.
(Иллюстрация: Dribbble.com/©Grey)