Форумды «Бөпе» қоғамдық қорының жетекшілері — актриса Айнұр Ілиясова мен блогер Махаббат Райымқұлова ұйымдастырып жатыр. Айнұр Ілиясованың айтуынша, бұған дейін Bope Fair фестивалі республиканың сегіз қаласында өткен. Оған 22 мыңға жуық адам қатысты.

Bope forum
Қаламқас Исабекова, Айнұр Ілиясова, Махаббат Райымқұл. Фото ұйымдастырушылардан.

Bope fair — отбасылардың басын қосып, балаға қатысты түрлі пайдалы ақпарат алуға, жас аналарға тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін фестиваль. Биылдан бастап фестивальден форум деңгейіне шығып отырмыз. Bope Forum шарасында ата-ана, отбасыға қатысты мемлекеттік бағдарламалардың жұмысы туралы айтылады. Форумды Алматы әкімі мен Президент жанындағы ұлттық комиссия қолдап отыр, — деді Айнұр Ілисова.

Махаббат Райымқұлованың айтуынша, фестиваль көбіне көңіл көтеру бөліміне жалғасып кетеді. Ұйымдастырушылар бала тәрбиесі, әке институты мен отбасыға қатысты маңызды ақпаратты түгел бөлісуге үлгермей қалады екен.

Форумның негізгі тақырыбы «Мемлекет пен отбасы» туралы болмақ. Блогер болған соң әлеуметтік желіде мемлекеттік балабақша, вакциналау, денсаулық сақтау бағдарламалары, медициналық сақтандыруға қатысты сауал көп келеді. Форум осы және өзге тақырыптарға қатысты ашық диалог алаңына айналады деп үміттенеміз, — деді Махаббат Райымқұлова.

«Бөпе» қорының даму бойынша директоры Қаламқас Исабекова қазіргі ананың функциясы бала бағып, жолдасы тапқан табысты ұқсатып отырумен шектелмейтінін айтты. Ол жан-жақты дамып, замануи өмір ағысына ілесіп отыруға үлгеруі керек.

Біздің форум жылына екі рет өтпек. Алматыда ғана емес, республиканың өзге қалаларында да ұйымдастырылады. Үлкен қалаларда ата-аналар өз рольдерін шамасы келгенше алып жүруі мүмкін. Біз түрлі пайдалы ақпарат қолжетімсіз болып отырған отбасыларға көмектескіміз келеді. Қазақстандағы отбасы институтын зерттеп жүрген мамандармен таныстыруды мақсат етіп отырмыз. Жаһандану ешкімді айналып өтпейді. Біздегі отбасы институты да соған қатысты дағдарысқа түсіп отыр. Соңғы 10 жылда Қазақстанда 1,5 миллион неке тіркелген. Оның 500 мыңы ажырасып кеткен, — деді Қаламқас Исабекова.

Форум таныстырылымына келген жеке кәсіпкер Қайрат Құдайбергенов ерлі-зайыпты болудың бір-бірі үшін ғана емес, бала үшін де шешім қабылдау екенін айтты.

Bope forum
Айнұр Ілиясова мен Қайрат Құдайберген. Фото ұйымдастырушылардан.

Еліміздегі көп азамат отбасыны әйелдің шаруасы деп қарайтынын байқаймын. Олар өздерінің жауапкершілігі ақша табумен шектеледі деп ойлайды. Мінсіз әке — ең алдымен, отбасына көңіл бөлетін әке. «Крестный отец» фильмінде «Отбасы — біздің барымыз» дейді. Мен үшін де отбасыдан маңызды нәрсе жоқ. Біздегі жанұялардың басты кемшілігі — отбасында бар проблеманың ашық айтылмауында. Өзіміз шеше алмай жатсақ та, психолог сияқты осы саланың маманына жүгінуді білмейміз. Ал Bope Forum ер-азаматтардың көзқарасын кеңейтуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Форумға жеке алаңды жалға алып беруге уәде беремін, — деді кәсіпкер.

Форумда эмоционал интеллект бойынша Ресейдің жетекші сарапшысы Виктория Шиманская спикер болады. Спорт педагогы Сергей Асташкевич те шақырылған. Ол әлемнің 25 чемпионын тәрбиелеп шығарған. Оның баланың физикалық дамуына арналған авторлық бағдарламасы бар. Форумға ерлі-зайыптының қарым-қатынасын үйлестіру мен оның балаға әсері бағытында жұмыс істейтін отбасы психологы Александр Колмановский де қатысады.