Story — вирустық маркетинг

Longread форматы қазақстандық БАҚ-та әлі де тамыр жая алмай келеді, ал бұл — қате. Story-ларды (оқиғаларды) іздеңіздер. Олар жақсы оқылады әрі есте жақсы сақталады. Story адамға вирустық маркетинг тәрізді әсер етеді, адамдар оны бөліседі, басқалардың да оқығанын қалайды.

Соңғы айда жергілікті БАҚ-тан бір де бір қызық story оқымадым. Жүрегіңді селт еткізетін, басқалармен де бөлісуге еріксіз мәжбүрлейтін, айналаңды өзгертуге итермелейтін, игі істерге құлшындыратын story жоқтың қасы. Сайттардың барлығы дерлік жаңалықпен шектеледі. Аудиторияның қабылдауына жеңіл, 20 секундтық видео орнында оқылуы күрделі мәтіндер, шұбыртпа тақырыптар, мәтін түріндегі ауыр синхрондар жүр.

Cкриншот-журналистика

Қазір скриншот-журналистика деген де бағыт пайда болды. Автор әлеуметтік желілердегі маңызды әрі қызық ақпараттарды скриндеп, жинап, материал дайындайды. Қазір түрлі тақырып әлеуметтік желілердің көмегімен көпшіліктің қызу талқысына түседі. Скриншот-журналистика бір тақырып төңірегінде бірнеше эксперттің сөздерін, альтернатив пікірлерін жинап, баяндап береді. Бірақ мұнда абай болу керек, скриншоттарды пайдаланарда өте мұқият болған жөн.

Ақпарат тарату құралдарының барлығын пайдалану керек. Мессенджерді, Whatsapp, Telegram, Instagram, Twitter, басқа да каналдарды ақпаратыңызды таратуға қолданыңыз. Аудиторияның талаптарын ескеріп, әрқайсында әртүрлі тәсілмен беру керегін де ескеріңіз.

Қазіргі адамдар ақпаратты көру арқылы қабылдауға бейім

Медиа алдымен сауатты әрі объектив көзқарасымен ерекшеленуі тиіс. Бұл ереже ешқашан өзгермейді. Тек заман ағымына байланысты ақпаратты тарату тәсілі мен каналдары өзгеруі мүмкін. Менің байқауымша, бүгінгі адамдар оқығаннан гөрі көріп ақпарат алуға бейім, яғни қазір әрбір екінші материалдың видеомен берілуін уақыт талап етіп отыр.

Бұрын видеоматериал әзірлеу тележурналистерге ғана қатысты болып, жаңалықтар порталдары мәтінмен шектелсе, қазір бұл актуал болмай қалды. Фото, видеосыз берілген материалды, мәтінді қабылдау оңай болмай жатыр. Оқиға, аналитикалық материал, тағы басқасын сөйлейтін фотолармен, кейде инфографикамен әрлеу қажет. Мысалы, қарапайым оқырман зейнетақының өскені немесе коммуналдық қызметақының артқаны туралы ақпаратты тез есте сақтауы үшін инфографика, сурет, иллюстрацияны қолдану керек.