Үкімет коронавирусы бар елдер азаматын жұмысқа алуға тыйым салды

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың 6 қаңтарынан бастап коронавирус инфекциясына қарсы шараларды күшейтудің үш кезеңін іске асырды. 1 наурыздан бастап карантин қолданылатын елдердің тізбесін кеңейтетін күшейтудің жаңа кезеңі енгізілді.

Азаматтардың денсаулығын қорғау бойынша түбегейлі шаралар қабылдау мақсатында Үкімет Қазақстанда коронавирусты анықтау мен тарату кезіндегі Іс-қимыл алгоритмін («Б жоспары») әзірледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халықты коронавирус инфекциясынан қорғау шараларын күшейтуді тапсырды. Әлемде жағдай ушығып кетті. Вирус 50-ден астам елге тарап үлгерді және өте белсенді түрде таралып жатыр. Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам жоқ. Сондықтан барлық алдын алу шарасын жалғастыру қажет. Вирус сонымен бірге әлемдік экономикаға, атап айтқанда, өнеркәсіпке, транзитке, сауда мен экспортқа кері әсерін тигізіп отыр. Осыған байланысты Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдау қажет, — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне мемлекеттік шекараның барлық өткізу пунктінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді және Іс-қимыл алгоритмінде жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыруға дайындықты қамтамасыз етуді тапсырды.

Асқар Мамин Сыртқы істер министрлігіне елімізде бұған дейін жоспарланған ірі халықаралық іс-шараларды өткізу уақытын ауыстыру жөнінде ұсыныс енгізуді және коронавирус инфекциясының таралуы бойынша қолайсыз жағдай қалыптасқан елдер үшін виза беруді уақытша тоқтатуды тапсырды. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне коронавирус таралып жатқан елдерге тұрақты рейстерді шектеуді және медициналық бетперделер мен басқа да қорғаныс құралдары өндірісін арттыруды тапсырды.

Премьер-министр өңір әкімдіктеріне мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда, әсіресе мектептерде, оқу орындарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сауда орталықтарында, базарларда эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейту туралы да тапсырма берді.

Әкімдіктер мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі коронавирус инфекциясының таралу деңгейі қолайсыз елдерден шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беруді тоқтатсын, — деді Үкімет басшысы.

Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де тапсырма алды. Ол Денсаулық сақтау министрлігімен бірге коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу шаралары бойынша халықпен сапалы ақпарат жұмысын жүргізуі керек.