Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев:...

Қасым-Жомарт Тоқаев: ЕАЭО өз міндетін ақтады

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар ЕАЭО-ның қазіргі жағдайы мен оның даму перспективалары жайында, оның ішінде Қазақстанмен одақ арасындағы ықпалдастық туралы сөйлесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Михаил Мясниковичті жаңа қызметімен құттықтап, ол жетекшілік ететін комиссия Еуразия интеграциясын одан әрі тереңдетуге үлкен үлес қосатынына сенім білдірді.

Еуразия экономикалық одағы шеңберіндегі маңызды орган саналатын ұйымның жұмысын жетілдіруде Беларусь Үкіметі мен Парламентінің жетекшісі, Ғылым академиясының президенті болған мол тәжірибеңізді, біліміңіз бен құзыретіңізді пайдаланатыныңызға еш күмәнданбаймыз, — деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев 5 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Еуразия экономикалық одағын құру жөніндегі келісім сәтті жүзеге асқанын атап өтті.

Одақ өз дамуында үлкен жолды артта қалдырды. Әрине, оны даңғыл жол дей алмаймыз. Сондықтан жетістік те, кемшілік те болады. Дегенмен Еуразия экономикалық одағы өз міндетін ақтады деп есептейміз. Одаққа мүше мемлекеттердің ерік-жігеріне қарай ұйым алдағы уақытта да дами береді, — деді Мемлекет басшысы.

Михаил Мясникович өзінің кандидатурасы Еуразия экономикалық комиссиясы төрағалығына ұсынылғанда қолдау көрсетіп, сенім білдірген Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол Қазақстан басшысын осы қызметте атқаратын жұмысының жоспарымен таныстырды.