Qarlygash жобасының кезекті қонағы — экобелсенді Пәкизат Сайлаубекова. Пәкизат пен оның командасы бір жылдан бері «Recycle бірге» жобасын іске асырып жатыр. Алғашқыда бұл жоба экосенбіліктен басталған. Пәкизаттың айтуынша, топ құрылмас бұрын қоршаған орта жанашыры Бану-Ақкүміс Құспанова өзінің тұрғын үй кешенінің маңындағы қалдықтарды жинаған. Оның бұл әрекеті экобелсенділердің әлеуметтік желідегі тобына тарап, басқаларға мотивация болған.

Бану-Ақкүміс Құспанованың бұл ісіне сүйсіндік. Содан басқа белсенділермен экосенбілікті үлкен жобаға айналдырайық деп шештік. Жобамызды «Recycle бірге» деп атадық. Мағынасы «бірге қайта өңдеу» дегенді білдіреді, — дейді Пәкизат Сайлаубекова.

экология
«Recycle бірге» жобасының логотипі

«Recycle бірге» командасы көшедегі қоқысты жинап, оны сұрыптайды. Өңдеуге келетін қоқысты EcoWorld контейнеріне, ал өңделмейтінін қарапайым қоқыс жәшігіне тастайды. Пәкизаттың айтуынша, бұл іс қоршаған ортаны ғана емес, құдды бір медитация сияқты ішкі ойыңды да тазалалайды.

Негізі біз «қоқыс» деген сөзді қолданбаймыз. Оның орнына «қалдық» деп атаймыз, себебі ол — шикізат, — дейді экобелсенді.

экология
Экобелсенділер. Фото жеке архивінен

Белсенділер сонымен бірге балабақшаларға, мектептер мен университеттерге барып, тұрмыс қалдығын қалай сұрыптау керек екені туралы лекция оқиды. Пәкизаттың айтуынша, қазір көпшілікке лекцияға балама ретінде «Recycle бірге» жобасымен бірге «Экосфера» деп аталатын мобайл қолданба шығару да жоспарланып отыр.

Лекциядан кейін оқушылар мен студенттердің «Қалдық боксын қайдан алуға болады», «Кімге тапсырамыз», «Ол сұрыпталған қалдықты не істейді?» деген сұрақтар қоя бастағаны қуантады. Олардың ерекше ықыласын байқаған соң арнайы мобайл қолданба жасауды қолға алдық, — дейді Пәкизат Сайлаубекова.

Qarlygash экожобасы аясында Пәкизат Сайлаубековамен бірге Ғалия Алтай, Нұрым Өмірзақов, Оразай Қыдырбаев, Салтанат Асхатқызы, Аида Әлімбекова сияқты спикерлердің сұхбатын да тыңдауға болады. Подкастарда дұрыс тамақтану, ауыл экологиясы, экология және адам құқығы, тауар маркировкасын қалай ажырату керек, экобьюти болу тренді сияқты тақырыптар қозғалды.