Айбек Майдан Павлодарда Пасха мерекесіне орай өтетін халықаралық байқау үшін сурет салып жатыр. Өзі 8 жаста. Суретті әуелі қарындашпен салып алып, үстін фломастермен басып шықты. Барлық суретінде түрлі бояу пайдаланады. Сол кезде сурет жарқырап, әдемі көрінетінін айтты. Бұл — 7-8 жастағы балалардың класы, мұнда педагог Юрий Кузнецов сабақ береді.
Мен балаларға сыйлық таратып жүрген Пасха қояндарын салып жатырмын. Ортадағысы — еркек қоян, одан кейін келе жатқаны — ұрғашы қоян. Бұл екеуі балаларға шоколад жұмыртқа сыйлайды. Жұмыртқаның сырты безендірілген. Жұмыртқа ағашта өседі. Шын өмірде олар ағашта өспейтінін білемін, бірақ менің қиялымда шоколад жұмыртқаның бәрі ағашта самсап тұрады, — дейді Айбек.
Бұл суреттер әуелі мектептегі көрмеге ұсынылады. Ол жерден ең үздік дегендері іріктеліп, байқауға жіберіледі. Айбек суреті көрмеге қойылатынына сенімді. Болашақта сәулетші болғысы келеді.
Ол үшін суретті өте жақсы сала алу қажет. Анам солай дейді. Сәулетші жоба сызып береді, ол бойынша құрылысшылар түрлі ғимарат салады. Кейін Қазақстанда және өзге елдерде үлкен-үлкен ғимараттардың жобасын сызамын, — дейді балғын суретші.
Айбек жақында суретші ретінде алғашқы жүлдеге ие болды. III республикалық Bala Star көпжанрлы байқауында көркемсурет номинациясы бойынша гран-при жеңіп алған.
Юрий Кузнецовтың айтуынша, балалар сабаққа аптасына екі рет келіп, 2 сағат 10 минут бойы сурет салады. Одан көп уақыт ұстауға болмайды. Оқушыларға күн сайын суреттің тақырыбы ғана айтылады. Ары қарай бала қиялына ерік беріледі. Оқытушы балаларға белгілі бір үлгіге қарап сурет салуды тапсырмайды, баланың әр зат туралы өз түсінігі болуы қажет деп есептейді.
Айбекке суретін аяқтауға кедергі жасамайық деп мектептің өзге де оқушыларымен танысуға кеттік.
Медина Жұмашева 16-да. Дизайн техникасы бөлімінде оқып жатыр. Бұл бөлімде көбіне интерьер дизайны оқытылады. Медина биыл жазда диплом жұмысын қорғайды.
Дипломға стринг-арт стиліндегі жұмыс дайындап жатырмын. Ағаш тақтайға ұсақ шегелер қағып, жіппен түрлі өрнек жасаймын. Қазір жұмыстың сызбасын сызып қойдым. 2 жыл бұрын киім дизайнері болам деп шештім. Сән әлеміне қатты қызығамын, сән журналдарын жиі парақтаймын. Сабақта ішім пысқанда дәптердің бір шетіне киім үлгісін сызамын да отырамын, — дейді Медина.
Бірде мектепке дизайнға арналған сабаққа Қазақстанның танымал дизайнері Аида Кауменова келген. Мединаға ол кісінің жұмыстары қатты ұнаған. Болашақта Аида Қауменова сияқты киім үлгілерін жасап, жеке дүкенін ашқысы келеді.
Аяулым Мырзахан Мединамен бірге оқиды. Мектепке дайындық класынсыз қабылданыпты. Биыл диплом алған соң 5-курс оқымайтынын айтты.
Оқуға түсе алатыныңа сенімсіз болсаң немесе университетке жасың жетпесе, мектептен диплом алған соң да 5-курс оқуға болады. Ол қосымша курс болып есептеледі. Ал мен жоғары оқу орнына түсемін деп ойлаймын. Әбілхан Қастеев мектебінде кәдімгі мектептегідей қыркүйектен маусымға дейін оқимыз. Бірінші және екінші курс оқып жүргенде мектепке айына 10 мың теңгеден төледік. Үшінші курстан бастап 15 мың теңге төлеп жатырмыз. Аптасына 4 рет келіп, 3 сағат 30 минут сабаққа қатысамыз, — дейді Аяулым.
Мектепте бейнелеу өнері, дизайн негізі, түстану, компьютер графикасы және шрифт сияқты пәндерді өтеді. Болашақ дизайнер қазір Madness әншілер тобына киім тігіп бастапты. Топтың құрамында жеті адам бар. Бәрінің киімі бір тақырыпта болғанымен дизайны әртүрлі болады.
Киім эскизін жасағанда тапсырыс берушімен санасу қажет. Бұл тек сол кісінің талғамымен жүру керек деген сөз емес. Дизайнердің шешіміне басымдық беріледі. Қарапайым болса да, әдемі көрінетін киім эскизін жасап беруді ойлап жүрмін. Биыл мектептен диплом алған соң Санк-Петербургта дизайн мамандығы бойынша оқығым келеді. Оған мүмкіндік болмаса, Алматыдағы «Сымбат» дизайн және технологиялар академиясына құжат тапсырамын, — дейді болашақ дизайнер.
Бұл мектепті биыл Адель Темірбаева да бітірмекші. 15 жаста. Бейнелеу өнері бөлімінде оқиды. Сәулетші немесе веб-дизайнер болуды жоспарлап жүр. Бұл мамандық бойынша нарықта сұраныс көп болатынына және жоғары жалақы алатынына сенімді.
Акварель, гуашь, қарындаш сияқты барлық құралмен сурет сала беремін, әсіресе қарындашпен суретті жақсы саламын. Қазір «Қазақстан қалалары» тақырыбында Леонардо сылағынан бес сериялы жұмыс дайындап жатырмын. Әзірше суреттерді кәдімгі ақ қағазға салып қойдым. Бұл диплом жұмысы болғандықтан әр этапты видеоға түсіреміз. Серияда Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Тараз, Түркістан және Шымкент бар, — дейді Адель.
Әмина Байбалаева болса, портрет жанры бойынша жұмыс істейді. Ол Нидерланды суретшілерінің жұмысына бас иетінін айтты.
Маған бір сеанста кескіндемені аяқтауға мүмкіндік беретін а ля прима техникасымен сурет салған Иероним Босхтың және пейзаж шебері Питер Брейгельдің жұмыстары қатты ұнайды. Бұл суретшілердің компазицияларында детализация көп. Сонысымен ерекше, — дейді Әмина.
Әмина қазір ұлттық костюмдегі интерьер қуыршақтарын жасап жатыр. Ол үшін компьютер графикасын пайдаланады. Қуыршақтың эскизі дайын болған соң оны саздан құйып, киімін матадан тігеді.
Әбілхан Қастеев мектебінің қабырғасына картиналар қаз-қатар ілінген. Бос орын таппайсыз. Соның бәрі мектеп оқушыларының қолынан шыққан дегенге әрең сенесіз. Қазір мектепте 835 оқушы бар. Балалар үш ауысыммен оқиды. Мектепке 5-15 жас аралығындағы балалар қабылданады. 5 жастан қабылданған балалар 11-класқа дейін дайындық мектебінде оқиды. Одан кейін дайындық курсы басталады. Бұл курстан сәтті өтсе, оқудың негізгі бөліміне ауысады. Курсқа қабылдану үшін емтихан тапсыру қажет, одан өтпесе, дайындық тобына қайта жіберіледі. Балалар осы кезеңге келгенде бейнелеу өнері мен техника және дизайн бөлімдерінің бірін таңдауы керек. Бір бөлімді 4 жыл үзбей оқыған өнерпаз диплом алу үшін емтихан тапсырады. Емтиханы сәтті болса, өз саласындағы кез келген жоғарғы оқу орнына баруға мүмкіндік бар.