Алматыда жылу мен ауызсу тарифі көтерілмейді

Инвестициялық бағдарламалар мен жылу-энергетика секторы субъектілерінің тариф сметасы шығынын қайта қарауға байланысты 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап халық үшін жылу тарифі 18% төмендеген. Департаменттің мәліметінше, 2017 жылы «Алматы жылу жүйелері» ЖШС қызметіне 2021 жылға дейін тарифтің шекті деңгейі бекітілген.

Болат Сәмбетовтің айтуынша, 1 қаңтардан бастап жоспар бойынша халық үшін жылу тарифі 3% көтерілуі мүмкін болған. Сонымен бірге тұтынушылардың жылу энергиясын есепке алудың ортақ құралдарымен қамтылуы 94%-ке дейін артты. Құрал орнатқандар тарифті 36% төмен төлейтіндер санатына өтті. Осыған байланысты жылумен қамту ұйымдары дифференциал тариф көлемін қайта қарауға өтініш беруі керек болды.

Бірақ департамент пен әкімдіктің бастамасы бойынша барлық тұтынушыға бөлінеді деп болжанған жүктеме бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдарға жіберілді. Бұл шешім жылу тарифін тежеуге мүмкіндік берді, — деді Болат Сәмбетов.

Департамент басшысы журналистердің «Түбіртекте түсініксіз баға көрсетілген жағдайда тұтынушылар не істеуі керек?» деген сұрағына жауап берді.

Тұтынушыға төлемақы артығымен келсе, мұндай жағдайда міндетті түрде Табиғи монополияларды реттеу комитетіне жүгіну керек. Онда барлық шот тексеріледі. Егер тарифтің жоспардан тыс көтерілгені анықталса, монополист айыппұл төлейді. Қаражат тұтынушыларға қайтарылады. Бізде айыппұл мөлшері жоғары, сондықтан монополистер оны бұзбауға тырысады, — деді Болат Сәмбетов.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Алматыда 1 ақпаннан бастап тұрғындарды сумен қамту тарифі 4% төмендегенін айтты.

Бұған дейін қабылданған 5 жылдық жоспарда станцияларда өндірілетін электр энергиясы мен оларды тасымалдауға кететін шығын көлемі өзгермеген жағдайда сумен жабдықтау және су бұруға арналған тариф 2024 жылға дейін өзгермейтіні көрсетілген.

«Алматы Су» кәсіпорны былтыр 2020-2024 жылдарға арналған тарифтің шекті деңгейін бекітуге өтініш жасаған.

Жүргізілген анализ қорытындысы бойынша жүктеме бөлігін бюджет ұйымдарына және заңды тұлғаларға қайта бөлу жолымен департамент 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап сумен жабдықтау және су бұруға арналған тарифті 4% арзандатты, — деді брифинг спикері.

Оның мәліметінше, Алматыда Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда сумен жабдықтаудың тарифі төмен.